Бундестаг депутаттары елімізде өтетін сайлауға келе жатыр

Германия Бундестагының депутаттары елде өтетін парламенттік сайлауға келе жатыр.

Олардың міндеті дауыс беру барысын бақылап, демократиялық процестің орындалуына баға беру. Делегаттар қатарында Бундестаг депутаты Манфред Грунд бар. Тәжірибелі саясаткер ұзақ жылдар бойы "Германия - Орталық Азия" парламенттік достық тобын басқарды және Қазақстанға бірнеше рет іссапармен келген. Ол еліміздегі саяси реформалар пікір алуандығын дамытып, жаңа, мықты парламент құрылады, деп үміттенетінін жеткізді.

Манфред Грунд, Бундестаг депутаты:

- Қазақстан мен Германияны тығыз қатынастар байланыстырады. Біз Үкімет деңгейінде де, парламенттік топ бойынша да ынтымақтас елміз. Алдағы сайлауға Қазақстанға бақылаушылар үлкен миссиямен келеміз. Ал өзгерістер туралы айтсақ, сайлауға қатысатын партиялар саны артты. Бұл жақсы белгі. Германиядағы сияқты қазақстандық Парламентке өтетін тосқауыл 5 %-ға дейін төмендетілді. Бұл болашақ Парламентте пікірлердің плюрализмін ұсынып, оппозиция пайда болады дегенді білдіреді. Пікірлердің әртүрлілігі, ашықтық және әділдік - бұл қазақ азаматтық қоғамының сұранысы деп ойлаймын.