Мәжіліс депутаты: Театрларға тең жағдай жасау керек

«Опера мен балет» қазақ театрынан биік тұр. Мәжілісте Абзал Құспан осындай мәселе көтерді.

Депутат «Астана опера» мен «Астана балетке» бөлінетін қаржының тым көп екенін алға тартты. Мысалы, биыл екеуіне бағытталған ақша қазақ, орыс, ұйғыр, неміс ұлттық театрының барлығына бөлінген қаражаттан асып түседі. Гастроль кезінде де ұлттық емес, батыс мәдениеті өкілдеріне басымдық беріледі. Сондықтан Абзал Құспан Үкіметке мемлекеттік қаржыны әділ бөліп, ұлттық мәдениетке қатысты жаңа тұжырымдама қабылдауды ұсынды.  

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Классикалық театр мен қазақ театры қызметкерлерінің алатын жалақысына дейін едәуір айырмашылық бар. Оған негіз: «Астана балетте», «Астана операда» Үкімет Қаулысымен коммерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылған, сол арқылы қызметкерлеріне көтеріңкі жалақы төлеуге мүмкіндіктері бар, ал іргетасы сонау 1926 жылы қаланған, ғасырлық тарихы бар Мұхтар Әуезов академиялық театрынан бастап қалған театрлар республикалық қазыналық кәсіпорны ретінде ондай мүмкіндікке ие емес.