Алматы өңірінің дамуы Сенаттың назарында

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық мәслихат депутаттарымен кездесіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларынан туындаған міндеттерді талқылады. Кездесуде Сенаттың мәслихаттармен өзара іс-қимылының жаңа форматы жөнінде де сөз қозғалды.

Жоғарғы палата спикері ел Президенті жүктеген міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру қажет екенін айтты. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазіргі таңда жаңа формациядағы заңдарды әзірлеп, қабылдау жұмысына мәслихат депутаттары белсенді қатысулары керек. Ал Сенаторлар өңірлердің даму мәселелеріне баса мән беруге, жүйелі проблемаларды шешуге заңнамалық тұрғыдан ықпал етуге тиіс.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Заңдарды шығаруға байланысты, методикалық көмектерге байланысты, жергілікті мәселелерге байланысты, өзін өзі басқаруға арналған заңды жетілдіруге байланысты осындай бағыттар бойынша бірге жұмыс істеуге біз дайынбыз. Енді жалпы өңірлерді қолдау, өңірлермен жұмыс істеу – Сенаттың негізгі басымдығы. Сіздермен жұмыс істеу, сіздердің мәселелеріңіздің шешілуіне көмек беру – ол енді біздің басты міндетіміз. Сол себепті келіп, сіздермен жалпылама әңгіме өткізуге келіп отырған жоқпын. Сіздердің айтатындарыңызды есту үшін, әрі қарай көмектесу үшін кеп отырмыз.

Кездесуде Алматы облысының экономикалық-әлеуметтік саласын дамытуда атқарылып жатқан жұмыс нәтижелері айтылды. Облыс әкімінің сөзінше,   өңірде демографиялық өсім қарқыны жоғары. Алматыға жақын аудандарда мектеп жетіспейді. Алдағы 2 жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 60 мектеп салынады.

Сондай-ақ бос жатқан жердерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі сөз болды. Бұл ретте Сенат төрағасы жеке меншікке өтіп, бірақ игерусіз қалған жерлерді қайтару ісін жеделдету Сенат назарында екенін айтты.

Басқосуда мәслихат депуттары да көкейкесті проблемаларды көтерді. Мәселен, ауылшарушылығында жұмыс істейтін шаруалар лизинге берілетін техника алудың қиын екенін ескертіп, субсидия көлемін ұлғайтуға байланысты сауалдарын жолдады.

Бақыт Атайбеков, Алматы облыстық мәслихатының депутаты:

- Бүгінгі таңда сол «Бәйтерек» ұлттық қорының ауылшаруашылығына қандай ақша бөлініп жатыр? Қандай бағдарламалары бар, қандай несие беріп жатыр, сол жағдайда ешқандай мәлімет жоқ. Алған техниканың 25% береді. Соны біз 50% екен деп айттық. Өйткені кіші шаруа қожалықтарына бұл үлкен жағдай болар еді.

Бұдан бөлек, депутаттар  жас мамандарды қаржылай қолдауды, өз ісін бастағысы келетіндер нормативтік құжат толтыруда заңнамалық  кедергілерге кездесетінін сөз етті.

Сонымен қатар сапар барысында Әшімбаев Алматы облысының белсенді жастарымен кездесті. Олармен пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдап, бірқатар сұрақтарына жауап берді. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.