Анкарада Қазақстан-Түркия достық саябағы ашылды

Түркиядағы жер сілкінісінен қираған қалаларды тұрғызуға Қазақстан билігі көмектеседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтқанда, әлеуметтік нысандар салып береді. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов түркиялық әріптесімен кездесуде айтты.

Алдымен ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов әріптесі Мұстафа Шентоппен Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінде екіжақты кездесу өткізді. Ерлан Қошанов әуелі Түркияда болған жойқын зілзалада қаза тапқандарға қатысты көңіл айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аймақта бірқатар әлеуметтік ғимараттың құрылысы жоспарланып отырғанын атап өтті. Кездесу соңында тараптар Мәжіліс пен Ұлы Ұлттық Жиналысы арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Күннен-күнге, жылдан-жылға біздің достығымыз нығайып келе жатыр. Ол қарым-қатынастың нығаюына үлкен ықпал етіп отырған біздің еліміздің басшылары – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған мырзалар. Бізде қазақта айтады: «Ағаш тамырымен мықты. Адам досымен мықты». Сіздер сияқты достарымызбен мықтымыз. Сол достықтың бір көрінісі – саябақтың ашылуы.

Екіжақты кездесуден кейін бауырлас елдің қос спикері және Парламент депутаттары Қазақстан-Түркия достық саябағының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Түркия Республикасының 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған саябақ ашылуына Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Анкараның Мамак муниципалитеті ұзақ дайындалыпты.

Мұстафа Шентоп, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі төрағасы:

- Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының Кеңесі отырысы аясында бас қосып отырмыз. Бүгін қазақстандық төрағамен екіжақты және кеңейтілген құрамда кездесу өткіздік. Енді, міне, Мамак ауданының ең әдемі жеріне жарасар Қазақстан-Түркия достық нышаны іспетті және өңір тұрғындарының көріп, әрқашан еске алатын саябақтың ашылуына келдік. Өте қуаныштымын.

Саябақ Анкараның көне тарихи орталығы – Мамак ауданында орналасқан. Айналасы тұрғын үйлермен қоршалған. Ауданы – 14 мың шаршы метр. Онда отбасылық демалыс, жүгіру және дене шынықтырумен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Саябақта Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөк жазба ескерткіштері орнатылған. Сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні мен дана философ Әл-Фарабидің ескерткіштері саябақтың кіре берісінде тұр.

Мурат Көсе, Мамак муниципалитетінің басшысы:

- Қазақстанға бардым. Астана мен Қожа Ахмет Яссауидің кесенесінде болдым. Халықаралық қазақ-түрік университетін көрдім. Расында да, терең тарихымыз бар халық екенімізге көзім жетті. Біз де достығымыз мәңгілік болсын және жастарымыз ортақ тарихты біліп жүрсін деп осындай саябақ ашып отырмыз. Саябағымыз тематикалық. Жас пен қарияның уақытын салауатты өткізетін саябақ етіп жасадық. 

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының Кеңесі отырысы мен Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХІІ пленарлық отырысына қатысады.

Авторы: Меруерт Қанағат.