Ұлан-Батырда Қазақстан мен Моңғолияның үкіметаралық отырысы өтті
Ұлан-Батыр мен Өскеменнің арасына ұшақ қатынайтын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осыны қалай жүзеге асыруға болады? Мәселені Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясы қарастырып жатыр.
Жиын Ұлан-Батыр қаласында өтті. Қазақстан делегациясын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бастап барды. Кездесуде екіжақты байланыс пен ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды.
Бұл – Қазақстан-Моңғолия үкіметтерінің Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастығы жөніндегі комиссиясының 9-шы отырысы. Басқосуда сауда саттық, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, инвестиция салаларындағы байланыстардың жағдайы талқыланды. 10-нан аса бағыт бойынша ынтымақтастықты тереңдету келісілді.
Дархан Қыдырәлі , ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Монғолия мен Қазақстанның үкіметаралық 9-отырысы нәтижелі өтті. Біз 9 бағыт бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқыладық. Олардың бәрі өзінің шешімін тауып жатыр. Сонымен қатар Меморандумға қол қойылды. Жалпы пандемияға қарамастан екі елдің арасындағы дәнекерлік байланыстар артып келеді. Бұл бүгінгі үкіметаралық отырыста өзінің нәтижесін көрсетті.
Қазақстан делегациясын Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх қабылдады. Кездесуде мәдени-гуманитарлық, экономикалық байланыс туралы сөз қозғалды. Бауырлас мемлекеттің басшысы екі ел арасындағы байланысқа жоғары бағалап, комиссия жұмысына сәттілік тіледі.
Дархан Қыдырәлі , ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Жақсы, өте нәтижелі келіссөздер болды. Жалпы Қазақстан мен Монғолияның көптеген байланыстары бар. Біздің елдеріміз арасында ынтымақтастық дамып келе жатыр. Әсіресе сауда-экономикалық бағыттар бойынша. Оның ішінде, әсіресе гуманитарлық, мәдени, білім бағыттарын ерекше атап өтуге болады. Себебі біздің тамырымыз ортақ, көшпелі мәдениетіміз ортақ.
Сапар барысында Дархан Қыдырәлі Моңғолияның Білім және ғылым министрі Лувсанцэрэн Энх-Амгаланмен жүздесті. Мәдениет, білім, ғылым, ақпарат, дін және азаматтық қоғамды дамыту мен жастар саясаты бойынша байланысты бекемдеу сөз болды. Үкіметаралық отырыс комиссияның тең төрағаларының хаттамаға қол қоюымен түйінделді.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы.