Депутаттар «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын мақұлдады
Соңғы 30 жылда 500 млрд АҚШ доллары ұрланып, шетел асқан, деп хабарлайды «Хабар 24».
Парламент Мәжілісінің бүгінгі жалпы отырысында осындай былықтың беті ашылды. Депутаттар «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын талқылап, мақұлдады. Құжат аясында Бас прокуратура жанынан арнайы орган құрылады. Қайтарылған қаржы арнайы қорға құйылып, әлеуметтік салаға жұмсалады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Енді бүгінгі күн тәртібіндегі мәселелердің барлығын қарап болдық. Түске дейін игерілмеген қаржыны қарадық. Түстен кейін қайтарылмаған қаржыны қарадық.
Мәжіліс депутаттары бүгін таңнан былтырғы бюджетті тергеп-екшеді. Ал түс ауа «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын талқылады. Мақсат – шетел асқан байлықты қайтару. Бұл бағыттағы жұмыс күмәнді қаржысы 100 млн доллардан асатын тұлғалар тізімін құрудан басталады.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл ретте жеке тұлғалар қатарына лауазымды шенді пайдалану арқылы негізсіз байлыққа ие болған және оларға қатысы бар адамдарды жатқызуға болады. Оның ішінде, біріншіден, жауапты мемлекеттік лауазымды, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік секторда басқару функцияларын орындау барысында әкімшілік-билік ресурстарына ие болған адамдар жатады. Екіншіден, әкімшілік-билік ресурстарын пайдалана отырып, активтерге заңсыз иемдену мен кәсіпкерлікке заңға қайшы, бәсекелестіктен тыс арнайы қолайлы жағдай жасауға ықпалдасқан азаматтар.
Күдікке ілінгендермен тығыз байланыста болған азаматтар да құтылмайды. Тіпті көлігін жүргізген немесе үйін жуған қызметші де тізімге енеді. Осылайша, жаңа заң олигополиялық топтарға қарсы пәрменді күрес жүргізуді көздейді. Өзге ел азаматтығын алса да, жауапқа тартылады.
Ұлан Байжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Бұрынғы біздің азаматтар міндетті түрде кіреді. Біздің қолымыз оларға жетпесе де, біздің шетелдік партнерлер бар. Халықаралық ынтымақтастық жолымен сұрауларды жібереміз. Сол жақта да ондай адамдарды табуға болады. Шетел азаматтығын алып кетсе де, ұсталады.
Арнайы уәкілетті орган мен комиссия құрылады. Мемлекеттік қор жасақталады. Қылмыскер ұрланған мүлікті өз еркімен қайтаруына болады. Ал қорға түскен қаржы халық игілігіне жұмсалады. Дегенмен мүлкін өз еркімен тапсырған күдіктіге еш жеңілдік берілмейді.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасы негізінен азаматтық жолмен алу қарастырылған, ал қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды тұлғалар деген сөз көбірек айтылып жатыр. Әңгімені таратып отырған азаматтардың қандай да бір басқа да ойы болуы мүмкін. Немесе осы заңға сәйкес қазір біз талқылап отырған ілеспе заңдардың да бар екендігін ескермеген. Яғни, өз еркімен миллиардтаған доллар қаражатты қайтара қоюы неғайбыл көпшілік олигополия өкілдері. Сондай жағдайда оларға қатысты қылмыстық тергеу-тексеру, қудалау жұмыстары Қазақстанның шеңберінде де, шет елде жүргізілетін болады.
Қылмыс 30 жыл бұрын жасалса да қылмыскердің жалтаруына жол жоқ. Өйткені ұрланған байлық – халықтың ырзығы. Жазаға тарту – халықтың талабы. Заң жобасын депутаттар бір ауыздан қабылдады.
Авторы: Нұрқанат Қанапия.