Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысы басталды. LIVE
Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған алқалы жиында елдік мәселелер талқыға түседі деп жоспарланған.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Ер түріктің бесігі, екі дүние есігіне айналған қасиетті Түркістан шаһарында бүгін ұлы жиын. Жаңа ғана басталған Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысына Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың өзі қатысып жатыр.
Айта кетейік, алқалы жиынның ауқымы кең. Мұнда ұлттық мүдде, елдік мәселеге қатысты маңызды дүниелер айтылады деп күтілуде. Ортаға салынатын ұсыныс-пікірлер мазмұны жағынан да мән-маңызы жағынан да өте өзекті, әрі сан алуан мәселелер қозғалмақ. Оның ішінде құрылтайдың жұмысын жандандыру, басқа да институттармен қарым-қатынасын нығайту мәселелері қаралады.
Сонымен қатар мемлекеттік орган басшылары өткен жылы ұлт ұясы Ұлытауда өткен алғашқы құрылтайда Президенттің берген тапсырмаларының қалай жүзеге асқаны туралы есеп береді. Мәселен, кешегі бірінші күнінің қорытындысы нәтижесінде 50-ден астам Ұлттық құрылтай мүшесі сөз алып, өз ұсыныстарын ортаға салды. 100-ден астам ұсыныс-пікір түскен. Мамандар барлық ұсыныстар Мемлекет басшысына жеткізіп, мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыратын арнайы жоспар әзірленетін айтады.
Сарапшылар Ұлттық құрылтайдың мән-маңызы мен салмағы жылдан жылға артып келе жатқанын айтады. Мұнда тек мәселе айтылып қана қоймайды. Оны шешудің жолдары да қарастырылады. Соның нәтижесінде Ұлттық құрылтай азаматтардың шағымдары мен ұсыныс-пікірлерін айтатын ашық алаңға айналып келеді. Бүгінгі Құрылтайда нендей мәселелер көтеріліп, қандай тақырып қаузалатынын алдағы шығарылымда айтатын боламыз.