Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында көтерілген мәселелер. LIVE

Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады.

Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай пайым айтты.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Алқалы жиында құрылтай мүшелері елдік мұрат, ұлттық тұтастыққа қатысты бірнеше маңызды мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Мемлекет басшысы адалдық Жаңа Қазақстанның басты бағдары болу тиіс екенін атап өтті. «Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі», - деді президент. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетіп, құрметке ие болатынын жеткізді. «Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды екеніне тоқталды. Ол үшін Қазақстан тарихының көптомдық жинағын жарыққа шығаруға қатысты тапсырма берді. Жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет екенін айтты. «Көптомдықтың тілі жеңіл, мәтіні кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек. Бұл – аса маңызды мәселе», - деді Президент. Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ Қасым Жомарт Тоқтаев тарихта өшпес із қалдырған әйгілі адамдардың есімін ұрпақ санасына сіңіру үшін Мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіруді жүктеді. Мысалы, Бейбарыс Сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе екенін атап өтті. «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда алдағы Республика күні алғаш рет тапсырылатын жеткізді.

Айта кетейік, жиын соңында Мемлекет басшысы келесі құрылтайды Атырау облысындағы Сарайшықта өткізуді ұсынды.