Серік Жұманғарин Қызылорда облысындағы су нысандарын аралады

Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қызылорда облысындағы су шаруашылығы нысандарын аралады.

Үкімет басшысының орынбасары егінмен айналысатын құрылымдарға су мәселесінде жаңа тариф саясаты енгізілетінін жеткізді. Тіршілік нәрін тиімді пайдалану технологиясын пайдаланатын шаруаларға жеңілдіктер жасалады. Ал үнемге бейжай қарайтындарға су қымбатқа түседі. 

Үкімет делегациясы алдымен Қызылорда су торабына барды. 2020 жылдан бері бастан-аяқ жөнделіп жатқан гидронысанның екі тармағы толық іске қосылды. Алдағы уақытта су торабының автокөлік көпірі нығайтылады. 

Роллан Ахметов, «Қазсушар» РМК ОФ директоры:

- Құн бағасы 3 млрд 153 млн теңге. Қазіргі таңда 2 млрд 611 млн теңге жұмсалды. 411 млн теңге ақшасы қалды. Биылғы жылы күздің аяғына дейін бітіреміз деп айтып жатыр. Қазіргі таманда Қызылорда су торабына келіп жатқан су көлемі сол жақ магистральдық каналға 190 текше. Төмен қарай 80 текше кетіп жатыр. Оң жақ магистральдық каналға 13 текше кетіп жатыр. 

Әрі қарай Серік Жұманғарин «Абзал және К» серіктестігінің күріш алқабына барды. Шаруалармен кездесуде вице-премьер өңірдің ішкі жалпы өнім көрсеткішінде күріштің үлесін арттыру жайын талқылады. Сонымен қатар суармалы алқаптардағы арық-атыздарды жөнге келтіріп, агроайналымға су үнемдегіш технологияны көптеп енгізуді тапсырды. Жергілікті тауар өндірісін көбейту арқылы баға тұрақтылығын басты назарда ұстау керектігіне де тоқталды.   

Жергілікті тауар өндірісін ұлғайту арқылы баға тұрақтылығына мән беруді атап өтті.  

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі:

- Президент алдымызда қойған мақсатымыз инфляция деңгейін 10% ішінде болу керек. Оны ұстау үшін әрине жаңа тәсілдер енгізу қажет. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызды азық-түліктің инфляциясын тоқтаттық. Енді оны сақтау керек. Себебі шілде, тамыз, қыркүйек айында өзіміздің көкөністер піседі, өз тауарымыз болады. Ол жағдайымызды жеңілдетеді. Ал қыста баға көтеріледі. Соған сақтап, мүмкіндік болса дефляция табу керек.

Күріш компаниясы Сыр дақылын Ресей, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолияға экспорттайды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Нағи Ілиясов ауылын гүлдендіріп отыр. Былтыр елді мекенді абаттандыруға 300 миллион теңге жұмсады. 

Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев