Орталық Азия мен Еуропалық Одақ ортақ құқықтық кеңістік құруы мүмкін
Орталық Азия мен Еуроодақ ортақ құқықтық кеңістік құруы мүмкін.
Сөйтіп адам құқығын қорғауда, экономикалық қылмысқа қарсы күресте екі тарап бір-бірімен етене жұмыс істейді. Бірыңғай кеңістік болса, заңдар да соған негізделеді. Аймақтағы бестік пен Еуропадағы елдердің мемлекеттік органдары да өзара ықтымақтастықты нығайтады. Бұл мәселе бүгін Астанада талқыланды. Елордада өңірлік басқару комитетінің екінші отырысы өтті. Бұған дейін Орталық Азияда құқық үстемдігін орнату бойынша 2020-2023 жылдарға арналған бағдарлама қабылданған. Жиында осы құжатты келесі жылдың ортасына дейін ұзарту көзделіп отырғаны айтылды.
Кестутис Янкаускас, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі:
- Бұл біз үшін маңызды. Өйткені кейінгі уақытта Еуропа мен Орталық Азия арасында қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Мен жұмыс істеп жатқан Қазақстанда соңғы бір жылда көптеген реформа басталды. Еуропалық Одақ та президент Тоқаевтың реформаларын қолдайтынын бірнеше рет айтқан еді. Ең алдымен, бәрімізге тұрақтылық керек. Сосын әрине коммуникация. Халықаралық құқыққа сәйкес стандарттар қажет. Міне бүгінгі жиын осы мақсатта, яғни құқықтық тұрғыда байланысты нығайтуға сеп болмақ.
Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы:
- Бірыңғай құқықтық кеңістік құру оңай емес. Олардың өздерінің заңнамасы бар. Қазақстанның және ОА елдерінің өзінің заңнамасы бар. Оның бәрін ыңғайластыру, бір қалыпқа келтіру үлкен жұмыс. Бірыңғай құқықтық кеңістік деген сөз. Еуропаға кіретін жаңағы ЕО-ға және ОА елдерінде бірдей қолданылуы керек дегенді білдіреді.