Орталық Азиядағы азаматтық қоғам мәселелері талқыланды

Азаматтық қоғам мәселелері мен оның Орталық Азия елдеріндегі дамуы –Алматыда өткен саясаттанушылардың халықаралық конференциясында талқыланды.

Жиынға алыс-жақын шет елдер мен елімізден 200-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында саясаттанушы, сарапшы, халықаралық ұйым өкілдері және азаматтық қоғам белсенділері бар.

Конференция Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Осы уақыт аралығында бюро 150 мың адамға құқықтық көмек көрсетіп, салаға қатысты 2 мыңнан аса мақала жариялапты.

Бұдан әрі даму үшін Орталық Азия елдерінің басшылары азаматтық қоғамның әртүрлі институттарымен байланысты нығайту керек,-дейді сарапшылар.

Робин Вагенер, Бундестаг мүшесі (Германия):

- Климаттық дағдарыс, адам құқығы, қоғамды демократияландыру және теңдік сынды мәселелерді азаматтық қоғам арқылы шешуге болады. Германия осы тұрғыда Қазақстанға тәуелсіздік алған күннен бері қолдау көрсетіп келеді. Осы мақсатта Орталық Азия елдерімен жұмыс істейміз. Біздің әріптестік экономика, саясат пен ғылым жайында ғана емес азаматтық қоғам саласында да дамып келеді. Мұнда Қазақстанның нәтижесі айтарлық.