«The Washington Times» еліміздің бастамаларын қолдады
Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні қарсаңында АҚШ-тағы белді басылым «The Washington Times» еліміздің бастамаларына ерекше тоқталды.
Газет Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы батыл шешім деп атады.
«Вашингтон таймс» газеті еліміздің әлемдегі бейбітшілікке қосқан үлесіне ерекше тоқталады.
Мақала авторы Ричард Вайц – саяси әскери талдау орталығының директоры. Ол Қазақстанның жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау туралы шешімін жаңашыл, батыл қадам деп сипаттайды.
Қазақстан биологиялық қауіптерге қарсы тұру үшін ядролық қаруды таратпау саласындағы тәжірибесін қолдануға ұмтылған бірден-бір мемлекет. Тәуелсіздік алғаннан кейін өз аумағында Кеңес үкіметінен қалған биологиялық қаруды жасаудың ауқымды инфрақұрылымын жойды. АҚШ Қорғаныс министрлігі мен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі әлі күнге дейін биоқауіптерге қарсы тұру бойынша тұрақты талқылаулар мен бағдарламаларды жүргізіп келеді. 2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құруды ұсынды.
Ричард Вайц, Гудзон институтының саяси әскери орталығының директоры:
- Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Кеңес Одағынан мұра болып қалған әлемдегі төртінші ядролық арсеналды жойды. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылып, Орталық Азия ядролық қарудан азат аймаққа енді. МАГАТЭ-мен ынтымақтаса отырып Қазақстан жаппай қырып-жоятын қарудың таралуына жол бермеу үшін төмен байытылған уран банкін құрған бірінші ел болды.