2050 жылға қарай Қонаев халқының саны 200 мыңға жетпек

Қалада 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұның бәрі шаһардың бас жоспарына енген.

Құжат бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылды. Сонымен Қонаев қай бағытта өседі? Қандай ғимараттар бой көтереді?

Қонаев қаласының келешегі

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Облыс орталығы болған бір жылдың ішінде Қонаев халқының саны 10 мыңға көбейген. Қазір 67 мың тұрғыны бар. Қала өсіп келеді. Сондықтан жаңа бас жоспар керек болды. Бас жоспар жасалды. 1 ай бұрын бекітілді. Осы құжатқа сәйкес Қонаев енді солтүстік бағытта өседі. 2050 жылға дейін шаһар халқының саны 200 мыңға жетеді деген болжам бар.

Бас жоспар 2050 жылға дейін арналған. Құжат 2 кезеңнен тұрады. Алғашқысында әкімшілік ғимараттар мен үйлер салынып, ескі тұрғын жай жөнделеді. Жағалау абаттандырылып, демалыс орындары ретке келтіріледі. Саябақтар салынады. Ал екінші кезеңде «Жаңа Іле» деген алаңда 97 мың адамға арналған қалашық пайда болады. Осы жерде үйлер, әлеуметтік-мәдени нысандар мен ондаған оқу орны бой көтереді.

Болат Мұсылманбеков, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда 32 оқу орындары қызығушылық көрсетіп отыр. Оның екеуімен әкіммен отырып, келісімшарттары жасалды. Индус, Ресей, Украин, өзіміздікінен бөлек, Түркия компаниялары оқу кампустарын салуға қызығушылық көрсетіп отыр. Сол себепті екінші қалашық көбіне жастар қаласы, студенттер қаласы болуы мүмкін.

Бас жоспарға сәйкес Қонаев қаласының аумағы 19 мың гектарға ұлғаяды. 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Ұзындығы 1000 метр болатын су променадының құрылысы басталады. Кейін оны 3000 метрге дейін жеткізу көзделген. Өңірді цифрландыру да басымдыққа ие. 67 әлеуметтік нысан жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етіліп, 5G жобасын іске асыру үшін жалпы ұзындығы 104 шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желісі төселеді. Қазір шаһарда 400-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылып жатыр. Облыстағы 125 мектепке жедел басқару орталығына қосылған 4 мың камера қойылады.

 

Қ. Тоқаев: Таза өнім шығару маңызды

Облыс орталығы болғалы Қонаевта өндірістің де өрісі өсті. Бұл – қызанақ пен көшет өсіретін жылыжай. Жалпы аумағы – 7 гектар. Жылына 3600 тоннадан артық қызанақ алынады. Кешенге 5,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылған. Президентке тамшылатып суару, тұмандату және көмірқышқыл газымен жұмыс істеу тәсілі көрсетілді. Мұнда суды тазартудың заманауи технологиясы да енгізілген. Өнімнің дені экспортталады. Кешенді аралап көрген Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін осындай инвестициялық жобаларды іске асыру маңызды деді.

Мемлекет басшысы жылыжайдан шығып, агроөнімдер мен құрылыс материалдары қойылған көрмені тамашалады. Бұл – Сыдық Дәулетов. Облыста түйе бағып отырған шаруа. Осы күні қожалығында ойсылқараның 5 мың төлі бар. Мемлекет басшысының 2019 жылы Қытайға жасаған сапары аясында көрші елге түйе сүтін құрғақтай экспорттау жөнінде келісім жасалған. Содан бері сүтті ұнтақ ретінде іргедегі мемлекетке жөнелтіп келеді. Фермада айына 30 тонна сүт өндірілсе, соның 80%-і Қытай асады.  

Сыдық Дәулетов, түйе шаруашылығының басшысы:

- Бұл – Еуразия құрлығындағы ең бірінші үлкен түйе шаруашылығы. Әлемдегі екінші орынды алып отырмыз. Алдағы жоспар, түйе басын 15 мыңға жеткізіп, оның жүнін терең өңдеп, етін терең өңдеп, қазір құрғақ түйе сүтін шығарып жатсақ, әрі қарай мембриалды технологияға өтіп, содан әртүрлі капсулаларға салып, халыққа ұсынбақшымыз. Түйе сүтінің ерекшелігі, қазіргі таңда біздің нарықта мың теңге болатын болса, біздің экспорттап жатқан бағамыз – 4 мың теңге. Сондықтан мен жақында қара алтыннан ақ алтынға өту керек деген сұхбат бергенмін.

Шаруа түйе бағу оңай емес дейді. Еп керек, еңбек керек. Ойсылқара төлі 2 жылда бір төлдейді. Алғашқы ботасын 5 жасында береді. Президентпен кездесуде қожалық басшысы түйе шаруашылығына көмек керек деді. Кезінде екінші деңгейлі банктен несие алған. Енді жеңілдетілген пайызбен 30 миллиард теңге сұрайды. Сөйтіп, шаруашылықты ғылымға негізделген тұтас корпорацияға айналдырмақ ниеті бар. Мемлекет басшысы аталған сала экспорт үшін зор әлеуетке ие деді.

Бұл – Іле ауданындағы алюминий өндіру зауытының бұйымы. Кәсіпорын 2015 жылы іске қосылған. Шикізат Павлодардан жеткізіледі. Содан алюминий профилі жасалады. Бұл материал құрылыста, жиһаз бен машина құрастыруда қолданылады. Профильдің 34%-і Грекия, Италия, Қырғызстан, Ресей, Словакия мен Грузияға экспортталады. 

Асылбек Бердібеков, алюминий өңдеу зауытының бөлім жетекшісі:

- Негізі зауыттың қуаты – 12 мың тонна. 24 млрд жылына өндіруге арналған зауыт. Бірақ әзірге біз 8 мың тонна ғана өндірудеміз. Алдағы 2 жылда зауыттың толыққанды қуатын қосу ойымызда бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс саласы экономиканы дамытудың қозғаушы күші деді. Қазір құрылыс саласы бойынша өңірдің алдында ауқымды міндет тұр. Бұл істе Президент жергілікті материалды барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті. Ал өз кезегінде мемлекет отандық өнім өндірушілердің өзегін талдырмайды.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы.