Қазақстан мен БАӘ біріккен жобалар жоспарын талқылады
«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ринат Бектұров бастаған қазақстандық делегация бүгін Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухеил әл-Мазруимен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тараптар өзара тиімді аспектілерді талқылады. Осы іссапар кезінде қазақстандық делегация «Abu Dhabi Ports Group» компаниясының бас директоры Мұхаммед әл-Шамисимен де кездесті.
Самұрық-Қазына қоры басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов көлік және логистика бағытын әртараптандыру арқылы Қазақстанның Орталық Азия мен Каспий өңіріндегі көлік хабына айналуға ниетті екенін атап өтті. Екі ел өкілдері көлік және логистика саласындағы инвестициялық жобаларды талқылады.
Атап өткен жөн, қазірдің өзінде Abu Dhabi Ports Ақтауда Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын дамытуға атсалысып жатыр.
Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
- Енді бүгін болып жатқан келісім – бұл ҚТЖ компаниясы, яғни өзіміздің Қазақстан темір жолы және Abu Dhabi Ports-тың арасындағы осындай және бір компания жасауды қарастыру жөніндегі келісім. Яғни, енді бұл тек қана танкер, кемелер емес, яғни біздің теміржол инфрақұрылымын, пойыздарды жаңарту, осындай салаларда, серіктестіктің негізін салуда келісімдер болып жатыр.