Қ.Тоқаев Оңтүстік Корея Президентімен кездесті
Бүгінде Қазақстанда 700-ден астам кореялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Мәселен, еліміздің нарығында KIA, Hyundai, Samsung, LG және басқа да компаниялар белсенді қызмет етіп келеді. Бұл жөнінде бүгін Мемлекет басшысы Оңтүстік Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльмен кездесуде айтты. Әңгімелесу барысында қазақ-корей стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту жайы талқыланды. Қазақ басшысы екіжақты тауар айналымы былтыр 6 миллиард доллардан асып, тұрақты өсім байқалып отырғанын да ерекше атады. Сонымен қатар корей компанияларының Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының жалпы көлемі 8 миллиард доллардан асып, еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қатарында нық тұрғанын жеткізді. Өз кезегінде Оңтүстік Корея Президенті Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, кореялық компаниялар машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, атом энергетикасы салалары бойынша жүзеге асып жатқан жобаларды кеңейтуге және жаңа жобаларды қолға алуға ерекше қызығушылық танытады.