Қ.Тоқаев Кения Президентімен кездесті
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Кения Республикасының Президенті Уильям Рутомен кездесті.
Келіссөз барысында Кениямен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелері талқыланды. Президент Кенияны Африка құрлығындағы қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде атап өтіп, өзара ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық туғызатын мемлекет екенін жеткізді. Өз кезегінде Уильям Руто қазақстандық компанияларды өз елінің экономикасына белсенді түрде инвестиция құюға, соның ішінде астық терминалын салу арқылы Момбаса портын кеңейту мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықты нығайтудың мүмкіндіктерін зерттеу үшін Кенияға сауда миссиясын жіберуге ниетті екенін айтты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Уильям Рутоны келесі жылы Қазақстанға сапармен келуге және Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.