Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысын жетілдіру керек

Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Қазақстан төрағалығымен ШЫҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті.

Оған Үкімет басшысының орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысты. Шанхай отбасының биылғы төрағасы ретінде Қазақстан тарапы ұйым жұмысын жетілдіріп, заман талабына сай бейімдеу қажеттігін ұсынды. Атап айтқанда Шанхай ұйымының қызметін реформалау, халықаралық ұйымдармен, соның ішінде БҰҰ-мен ынтымақтастықты жандандыру, саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды ілгерілету жөнінде пікір алмасты. Бас Хатшы Чжан Мин қазіргі қазақ елінің төрағалығын жоғары бағалап, шанхай отбасындағы басқа да мүше мемлекеттердің белсенділігін ерекше атап өтті.

Чжан Мин, ШЫҰ Бас хатшысы:

«Біздің ұйымның 22 жылдық дамуы мен нығайуынан кейін оны одан әрі жетілдіруіміз керек. Бұл ұйымдастыру механизмдері, қаржылық және кадрлық мәселеге қатысты болып отыр. Сондай-ақ, жұмыс тілдеріне қатысты өте мағыналы пікір алмасқан отырыс болды. Ұйым жұмысын реформалау оны жаһандық деңгейде одан әрі тиімді ету үшін қажет. Сонда біздің халықтарымыздың жарқын болашағын, мүддесін қорғай аламыз».