Мемлекет басшысы Бүкілқытайлық комитеті төрағасымен кездесті

Мемлекет басшысы Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ван Хунинге ілтипат білдіре отырып, оны осы лауазымға сайлануымен құттықтады. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-қытай қатынастары мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейіне жетті. Бұл ретте ел басшыларының тұрақты кездесулері елеулі рөл атқарды. Өйткені келіссөздер барысында тату көршілік қарым-қатынас пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін негіз қаланады. Әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті Қытай басшысы жүргізіп отырған тиімді саясаттың нәтижелеріне жоғары баға берді. Өз кезегінде Ван Хунин Қазақстанның қарқынды дамып, тұрмыс деңгейі ұдайы жоғарылап келе жатқанын атады. Сондай-ақ кездесу барысында тараптар екі елде жүргізіліп жатқан жан-жақты реформалар жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Төраға Си Цзиньпиннің көреген, сарабдал саясатының және оның «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасының табысты жүзеге асып жатқанына куә болып отырмыз. Біз, әлбетте, Қытайдың жетістіктеріне қуанамыз. Бүгін Төраға Си Цзиньпин форум қатысушыларына «Егер Қытайда бәрі жақсы болса, барлық мемлекет пен халықтар үшін де жайлы болады» деген сөз айтты. Мен бұл пікірмен келісемін. Сіздің еліңіз әлемдегі озық әрі жетекші державаға айналуды көздеген асқақ мұратына батыл қадам басып келеді.

Ван Хунин, Қытайдың халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы:

- Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан қарқынды дамып, тұрмыс деңгейі ұдайы жоғарылап келеді. Бұл – таңғаларлық нәтиже. Бүгін Сіз «Бір белдеу, бір жол» III форумының ашылу рәсімінде өте мазмұнды сөз сөйлеп, ынтымақтастыққа қатысты бірқатар маңызды ұсыныс айттыңыз. «Бір белдеу, бір жол» аясындағы стратегиялық серіктестіктің 10 жылында барлық тараптың ортақ күш-жігерінің арқасында біз зор жетістіктерге қол жеткіздік. Сіз Си Цзиньпин мырзамен ұдайы тығыз байланыста болып, көптеген кездесу өткіздіңіз. Сонымен қатар сіздер қазақ-қытай қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығын» бастап бердіңіздер.