Президент «Бір белдеу, бір жол» форумына қатысты

Ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құру керек.

Мемлекет басшысы Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» форумында осындай ұсыныс айтты.

Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Таяу Шығыстағы мәселені көтерді. Антониу Гутерриш өзара сауда-саттықты алаңсыз жасау үшін жаһанға тыныштық керек деді. 

Қытай Қорғаны. Шығыстан Батысқа дейін созылып жатқан әлемге әйгілі қабырға. Жалпы ұзындығы 20 мың шақырымнан асады. Қабырғасының биіктігі кей жерде 8 метрге дейін жетеді. Екі жарым мың жылдық тарихы бар Қытай қорғаны адамзаттың сәулет өнеріндегі ғажайыптардың бірі. Ол Қытай тарихында әскери қорғаныс және Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттық байланысында қауіпсіздік рөлін атқарған.

Қытай бағзыдан сауданың қыр-сырын меңгерген ел. Ұлы жібек жолының,,, бастауын осы жақтан алуы,,, соның айғағы болса керек. Бір бағыты еліміздің оңтүстік аумағы арқылы өткен Жібек жолы Шығыс пен Батысты байланыстырып, қалалардың тіпті жаңа мемлекеттердің пайда болуына септігін тигізді. Жалпы Қытай халқында «Бай болғың келсе, жол сал» деген тәмсіл бар. Содан болар, 2013 жылы елімізге мемлекеттік сапармен келген Қытай Төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұсынды. Онысы қолдау тапты. Биыл осы жобаға 10 жыл. Мерейтойлық үшінші форумға Қытай тыңғылықты дайындалған. Бейжіңге 30 шақты халықаралық ұйымның жетекшілері мен 130 елдің ресми өкілі келді. Оның 20-дан астамы мемлекет басшылары. Алқалы жиында қазақ президенті үшінші болып сөз алды. Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамасын қытай тілінде бастады. Осылайша Мемлекет басшысы залдағы көпшілікті бірден өзіне қаратты. Мұндай дипломатиялық әдіс қытайлық журналистерді де елең еткізсе керек, тілшілер бірден камерасын қосты.

Джан Чан, тілші:

- Бұл өте әсерлі. Қазақ Президентінің қытайша еркін сөйлегенін естігенде қасымдағы әріптестерім таңданысын жасыра алмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев «қазіргі геосаяси жағдайда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы қажетті халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды» деді. Соның арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі тарам-тарам теміржол желісі, күре жолдар мен теңіз арқылы байланыс жасап отыр. Сарапшы 10 жылда Қазақстан бұл жобаның екі игілігін көрді дейді. Әуелгісі - еліміздің транзиттік әлеуеті артты. Мәселен 2013 жылы қазақ пен қытайдың өзара тауар айналымы 17 млрд доллар болса, бүгінде бұл көрсеткіш 31 млрд долларға жеткен. Ендігі меже – 40 млрд доллар. Мұны бір деңіз.

Қазбек Майгельдинов  "Қытайды зерттеушілер қауымдастығы" ҚҚ төрағасы:

- Екіншіден Қазақстан өзінің траспорттық потенциалын арттыруға, траспорттық потенциал дегеніміз не? Яғни бізде Қытаймен Қорғас арнайы экономикалық аймағы бар, одан кейін Достық-Алашонкау, ЛяньЮнгань, ал мына жағында бізде Каспийдегі Ақтау портынан бөлек, Құрық порты ашылып отыр. Бұл яғни Қазақстанға тауар, әлемдік, халықаралық деңгейдегі тауар айналымында өзінің үлесін, орнын алуға мүмкіндік берді.

Енді еліміз Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратын халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық орталыққа айналуға ұмтылып отыр. Оған барлық мүмкіндік бар. Бүгінде Қытайдан Еуропаға баратын транзиттің 85 пайызға жуығы біздің аумақ арқылы өтеді. Бұл орайда Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолы айрықша рөлге ие. Бұдан бөлек, «Бір белдеу, бір жол» аясында Ляньюньганда қазақ-қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі салынды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Үш жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол жол салуға, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашуға, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарының құрылысына қатысты жоспарымыз бар.

Мемлекет басшысының мұндай жоғары деңгейдегі жиындарда Транскаспий дәлізінің әлеуетін айтпай қалған кезі жоқ. Қазақ басшысы көк айдынның мүмкіндігіне бүгін тағы тоқталды. «Бұл бағдар Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады» деді. Бұл өз кезегінде жүк тасымалдау уақытын екі есе қысқартып, көлік шығынын айтарлықтай азайтуға ықпал етпек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мен Қытай арасында Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қойылды. Жуық арада бұл келісімдер айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін. Күш-жігерімізді тиімдірек үйлестіру үшін Ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынамын. Сонымен қатар кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделіміз. Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз ете отырып, әлемнің жетекші әуе компаниялары үшін сенімді әуе көпірі және ыңғайлы айлақ болуға дайын.

Әдетте саммиттерге онлайн үндеу жолдайтын Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы бұл жолғы жиынға арнайы келген. Келуі де бекер емес. Бейжіңде Антониу Гутерриш Таяу Шығыстағы мәселені көтерді. Өзара сауда-саттықты алаңсыз жасау үшін жаһанға тыныштық керек деді. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

- Менің екі үндеуім бар. Біріншіден Таяу Шығыста кепілге алынғандарды дереу босату керек. Әрі гуманитарлық көмек ұйымдастыру қажет. Сосын атысты дереу тоқтатуға шақырамын.

Жиында сөз алған Ресей Президенті мүдделі мемлекеттерді Солтүстік теңіз жолын бірлесіп дамытуға шақырды. Оның айтуынша жаңа логистикалық бағыттар құру жаһандық экономикаға өзгеріс әкеледі. Сосын Путин көлік логистикасы бойынша комиссия құруды ұсынды. Ал Си Цзиньпин заманауи әлемде үлкен өзгеріс болып жатқанын айтты. Сондықтан Қытай билігі «Бір белдеу, бір жолдың» аясын кеңейте түспек.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

- Біз тек өз елімізді емес, сондай ақ, Бір белдеу, Бір жолға кіретін мемлекеттерді де жаңғыртуға мүдделіміз. Ал жаңғыру – өзара тиімді әріптестікке негізделеді. Жалпы Еуразияда жаңа логистикалық дәліздерге басымдық бергіміз келеді. 

Бүгінде Қытай мен Еуропа Одағы арасындағы тауар айналымы 800 млрд доллардан асады. Өте үлкен көрсеткіш. Біздің билік бұл тауар айналымынан елге мол пайда түсіруді көздеп отыр. Осы мақсатта Құрық портының әлеуетін арттыруға басымдық беріледі. Одан соң алдағы 5 жылда «Бір белдеу, бір жол» аясында біздің тарап Қытаймен жасыл технологиялар, транзит, логистика саласында үлкен жобаларды жүзеге асырмақ. «Цифрлық жібек жолы» деген бағдарламаға қосылу жоспарда бар. Яғни шығыстағы көршімізден жаңа технологиялар әкелеміз. Белдеу-жолдың бергені һәм берері осы.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы