Франция Президенті Қазақстанға ресми сапармен келеді
Бүгін елге Франция Президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізеді.
Сауда, экономика, энергетика салаларындағы ынтамақтастық талқыланады. Биыл екі елдің тауар айналымы 20 пайызға өсті. Сарапшылардың пайымынша, Франция басшысының сапары осы серіктестікті жаңа сатыға көтеруі мүмкін.
Франция - ЕуроОдақ елдері арасындағы Қазақстанның негізгі серіктесі. Қос мемлекеттің алыс-берісі көп. 2005 жылдан бері француз кәсіпкерлері экономикамызға 18 млрд доллар құйды. Кәрі құрлықтағы қуатты елмен байланысты одан әрі нығайта беру маңызды. Саясаттанушылар осылай дейді. Олардың пікірінше, Астанадағы келіссөз өзара диалогты нығайтатын маңызды оқиға болмақ.
Таир Нығманов, саясаттанушы:
- Франция - ЕуроОдақтағы жетекші елдердің бірі. Құрлықтағы еуропалық интеграция мен мәдениеттің негізін қалаушы мемлекет десек болады. Сол үшін бұл сапар Қазақстан мен Франция ғана емес, тұтас Еуропалық одақпен байланысты арттыруға әсер етеді. Екі тарап та серіктестікті әрі қарай нығайтуға ниетті. Мұны сөзбен де, іспен де дәлелдеп келеді.
Қос тарап энергетика саласындағы байланысты дамытқысы келеді. Бірлескен жоба да көп. Соның бірі - Жамбыл облысында салынатын жел электр станциясы. Оның құны шамамен 2 миллиард доллар. Кәсіпорын тоқ тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қос тарап уран өндірісін ілгерілетуге мүдделі. Бұл жағынан Қазақстанның ұпайы түгел. Уран қоры бойынша өзгелерден көш ілгеріміз.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Ел аумағында уран өндіретін Франция компаниясы бар. Біз олармен ынтымақтастықты нығайтып, кен орындарын дамыту бойынша тығыз жұмыс істейміз. Сондай-ақ, өзге де инвесторлармен келісім бар. Осы арқылы энергетика саласын дамытуға, болашақта заманауи технологияларды таңдау бойынша кеңес алу бағытында бірқатар келісімдерге қол қоюды жоспарлап отырмыз.
Бекзат Аманов, тілші:
- Франция Президентінің елге сапары барысында қос мемлекеттің басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастыққа қатысты келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ, халықаралық және өңірлік мәселелер де талқыланады деп күтілуде.
Авторлары: Бекзат Аманов, Әнуар Әбдірахманов, Серік Қоңырбаев, Арман Ақшабаев