Алматыда БҰҰ хабы құрылады
Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму бойынша хабы құрылады.
Бұл туралы Түркіменстан астанасы Ашхабадта өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы - Орталық Азия елдері форумында айтылды. Іс-шара барысында қазіргі кездегі аймақта өткір тұрған мәселелер талқыланды.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Аймақтағы шекаралар қауіпсіздігі, көлік және байланыс һәм климаттағы өзгеріс. Бұл мәселелер бүгін Ашхабадта өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы - Орталық Азия форумында талқыланды. Әрине, бұл орайда Қазақстанның сөзі салмақты.
Қазақстан ұйымға 2010 жылы төрағалық етті. Қазіргі таңда мұнда 50-ден астам мемлекет мүше. Форумда айтылғандай, Қазақстан тарабы әріптестікті нығайтуға мүдделі.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-сыртқы істер министрі:
- Қазақстан Орталық Азия елдерімен бірге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясында нақты интеграциялық жобаларды қолға алды. Нақты мысал ретінде Транскаспий дәлізін айтуға болады. Аталған дәліз арқылы Еуропа мемлекеттерімен әріптестік нығая түседі. Сондай-ақ Қазақстан ауаға шығарылатын көмірқышқыл газын азайту бағытында жұмыс істеп жатыр. 2026 жылы елімізде Біріккен ұлттар ұйымының жиналысы өтеді.
Аймақтағы қауіп-қатердің алдын алуда Орталық Азиядағы елдердің бірлігі маңызды. Мұны өз сөзінде ұйым басшысы да атап өтті.
Хельга Шмид, ЕҚЫҰ Бас хатшысы:
- Мен қызметке кіріскелі Орталық Азия елдерімен әріптестікке баса мән беріп келемін. Ковид пандемиясы басталғанда жиі кездесіп, түрлі мәселелерді талқылап тұрдық. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы іс-шараларды барынша қарастырдық. Бұл ынтымақтастық қазіргі уақытқа дейін жалғасуда. Бүгін де біз күн тәртібінде тұрған мәселелерді қарастырамыз.
Форумда қазақстандық делегация нақты жобаларды ұсынды. Бұл бастамалар қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
Олжас Сүлейменов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры:
- Атап айтқанда, Алматыда Біріккен ұлттар ұйымының тұрақты даму бойынша, тұрақты даму мақсаттарына жету бойынша орталықты құру бастамасын атап өттік.
Бұл орталық ұйым мен аймақтағы елдер арасындағы іс-әрекетті үйлестіру міндеттерін жүзеге асырады. Яғни өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде хабтың қызметі маңызды болады деп күтілуде.
Нұрқанат Қанапия, Нұрғали Мамырбаев, Антон Болтрушевич