Қ. Тоқаев: СПЕКА-ға мүше елдер өнеркәсіп бағытында күш біріктіруі қажет
СПЕКА-ға мүше елдер өнеркәсіп бағытында күш біріктіруі қажет. Сонда ғана әлемдік бәсекеге қабілетті зауыт-фабрикалар пайда болады. Әрі мемлекеттердің экономикасы мығым болады.
Бұл туралы бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев, Бакуде өткен Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған БҰҰ арнайы бағдарламасының саммитінде айтты.
Кеше ғана Белорусияда жүрген Қасым-Жомарт Тоқаев, бүгін Әзербайжанда. Жалпы Президенттің соңғы кездері жұмыс кестесі осылай тығыз. Себебі, қазіргідей аумалы төкпелі заманда елдік істерді бір сәтке де кеш қалдыруға болмас. Ал Орталық Азияда қаз қатар орын тепкен бес елдің басшысы биыл 10 шақты рет кездесті. Барлығының да мақсаты - өңірді өркендету, аймақты алға сүйреу және елдеріміздің экономикасын еселеу. Басқосуға сеп болатын жиындар да көп. Солардың бірі - осы СПЕКА.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Жалпы СПЕКА ұйымы 1998 жылы Қазақстанның бастамасымен құрылған болатын. Мақсат - Орталық Азия елдерінің өзге мемлекеттермен қарым-қатынасын арттыру. Биыл бұл ұйымға 25 жыл толды. Бұған дейін әр жылы әр мемлекетте СПЕКА-ның жұмыс сессиясы өтіп келсе, биыл Президенттер деңгейіндегі саммит алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Саммитте сөз алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, СПЕКА-ға бір жыл бойы төрағалық еткен Әзербайжанға алғыс білдіре отырып, СПЕКА-ға мүше елдердің өзара байланысындағы жетістіктерге тоқталды. Мәселен, Қазақстанның өзге 5 мемлекетпен сауда-саттық көлемі былтыр 10 млрд долларға жетті. Ал оның басым бөлігі біздің тауарлардың экспорты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Таяу келешекте бұл көрсеткішті екі есе арттыруға толық мүмкіндігіміз бар деп санаймын. Біз бір-бірімізді бәсекеге қабілетті бағаға сай түрлі тауарлармен қамтамасыз ете аламыз. Осы арқылы өзге елдерден келетін импортты қысқартуға болады. Қазақстан СПЕКА елдеріне жалпы сомасы 2,3 миллиард доллар болатын 175 шикізаттық емес тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. «Жасыл» дәліздер жасау, түрлі кедергілерді алып тастау сауда-саттық жөніндегі ынтымақтастығымызға, соның ішінде құрылыс, химия және тамақ өнеркәсібі салаларындағы ықпалдастығымызға тың серпін береді. Сонымен қатар біз серіктестеріміздің де тиісті ұсыныстарын қарастыруға дайынбыз
«Тауар айналымын одан әрі күшейту үшін мықты инфрақұрылым қажет. Бұл тұста Қазақстан қарқынды жұмыс істеп жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ендігі жерде Транс Каспий халықаралық көлік дәлізін дамыту маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жақын жылдары бұл бағыттағы жүк тасымалы едәуір ұлғаяды. Орта дәлізді «Бір жол, бір белдеу» және Трансеуропалық көлік желісімен қосу бәріміз үшін тиімді. Әрі бұл әлемдік саудаға тың серпін береді. Одан бөлек Қазақстан Солтүстік-Оңтүстік дәлізін дамыту бойынша да серіктестікке ашық. Біздің ел көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін соңғы 15 жылда 35 млрд доллар қаржы жұмсады. Ал алдағы 3 жыл ішінде 1300 шақырым теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қытай, Оңтүстік Азия, Ресей және Еуропа бағыттарына жүк өткізу әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Барлық серіктесті Каспий теңізіндегі порттардың қуатын арттыру, сондай-ақ жүк кемелерін бірлесе өндіру үшін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын.
Президент осылайша «Каспий теңізін аймақ елдерін байланыстыратын берекелі бейбітшілік теңізіне, мол мүмкіндіктерге толы айдынға айналдыру керек», - деді. Ал Транс Каспий дәлізі Орталық Азия елдері үшін Еуропаға шығатын қақпа, әрі екі жақты байланыстырып отырған алтын көпір.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Бұл – Әзербайжандағы Аләт порты. Дәл осы жерден Еуропаға түрлі жүк аттанады. «Әзербайжан тарапы қазір мұны кеңейтудің қамын жасап жатыр», - дейді, мамандар. Мәселен, мұнда қазір 80 мың контейнер сыятын болса, алдағы уақытта олардың қатарын 500 мыңға жеткізбек.
Дәл осындай жұмыстар қазір Ақтау және Құрық порттарында да жүргізіліп жатыр. Жалпы біз Маңғыстау өңірін логистикалық хабқа айналдыруға ниеттіміз. Ал ол үшін әкімшілік кедергілерден арылу қажет. Олай болмай, жолың қанша жерден тақтайдай болса да, көлік нөпірі көбеймейді. Бұл тұста жауапты мамандар біраз істер атқарылғанын айтады.
Әсет Асаубаев, ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясы тұрақты хатшылығының бас хатшысы:
- Қазіргі кезде бізде теміржолдар әр түрлі. Мысалы, Қытай мен Қазақстан, Әзербайжан, Грузияның теміржолы бірыңғай болса, Түркияның теміржолы өзгеше. Сондықтан, ол теміржолдарда әр түрлі накладной қолданылады. Сол себепті оның барлығын біріктіру үшін және де автоматтандыру үшін біз арнайы меморандумға қол қойдық осы жылы ақпан айында. Келесі жылы бұйыртса осыны пилоттық жобада енгізіп, алғашқы жүк тасымалын жоспарлап отырмыз.
Одан бөлек жүктер пойыздан көлікке немесе кемеге ауысқан кезде де тауар құжатын жаңартып отыру керек. Енді оның барлығы бір ғана электронды қағаз арқылы реттелмек. Оған қоса кәсіпкерлер ендігі жерде әр елдің аумағынан өткен уақытта олардан жеке-жеке рұқсатнама алып жүрмейді. Бұл мәселе де цифрлардыру арқылы шешілмек. Каспий теңізі арқылы біздің мұнай да қазір Еуропаға жөнелтіліп жатыр. Мәселен, Қазақстан тарапы биыл Бакуге 1,5 млн тоннаға жуық қара алтын жеткізбек. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 4 есеге дейін өседі. «Мұнай тасымалындағы бұл бағыттың Қазақстан үшін маңызы өте зор», - дейді, сарапшылар.
Талғат Демесінов, экономист:
- Былтырғы жылы 86 млн доллардың мұнайы тасымалданды осы біздің Құрық және Ақтау порттары арқылы Бакуге қарай. Ол Әзербайжаннан ары қарай Грузия, одан ары Түркия арқылы Жерорта теңізіне шығарылады. Бұл үлкен Транскаспий құбыры Қазақстанның мұнай экспортын диверсификациялауға және мынау жалғыз Ресей федерациясының территориясы арқылы ғана емес, Қытай арқылы ғана емес басқа да жолдарын іздеу керек бізге. Міне, осы жағынан қарым-қатынастардың маңызы өте зор.
Президент жиында Орталық Азия елдері арасындағы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ақпараттық технологиялар және экология бағытындағы интеграцияны одан әрі ілгерілетуге шақырды. Қазір СПЕКА-ның жанынан қор құру мәселесі де көтеріліп жүр. Ал оған Қазақстан қомақты қаржы құюға дайын. Сөз соңында Мемлекет басшысы бұл саммиттің кезекті бір жиынын Қазақстанда өткізу жайлы ұсыныс тастады. Жиын қорытындысы бойынша СПЕКА-ға төрағалық ету Тәжікстан тарапына өтті. Яғни, келесі жылы күзде дәл осындай саммит Душанбеде ұйымдастырылады.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Еділ Ермекбаев