Қ.Тоқаев И.Әлиевпен келіссөз жүргізді

Әзербайжанға жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев, әріптесі Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы дәстүрлі қонақжайлығы мен БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының алғашқы саммитін ұйымдастырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айта отырып, Бакуді «Каспий өңірінің інжу-маржаны», әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі деп атады. Президент орайлы сәтті пайдаланып, Ильхам Әлиев пен бауырлас Әзербайжан халқын халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сай елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол жеткізгенімен құттықтады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Біздің арамызда ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз – шынайы стратегиялық серіктеспіз, тіпті, Каспий теңізінің екі жағын мекен еткен көршілерміз. Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі бірлескен декларацияның қабылдануы, сондай-ақ, Жоғары мемлекетаралық кеңестің құрылуы қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерген тарихи оқиға болды. Бүгінгі кездесуде Әзербайжан тарапымен шын мәнінде, толық форматты, мазмұнды келіссөздер жүргіземіз деп санаймын.

Ал Әзербайжан Президенті СПЕКА саммитіне қатысуға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Кездесу барысында екі ел басшысы Каспий теңізінің табанымен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемін ұлғайту, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ, энергетика мен жаңартылатын энергия көздері салаларындағы жобаларды жүзеге асыру сияқты маңызды бағыттарда бірлескен жұмыстарды жандандыру жайын талқылады. Бауырлас халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға да баса мән берілді. Жуық арада Қазақстанда Әзербайжанның, ал Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылмақ. Кездесу соңында Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевты келесі жылы Әзербайжанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды 

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:

- Біз – достас, бауырлас әрі серіктес елдерміз. Соңғы жылдары ресми сапарлар аясында, екі ел үкіметтері мүшелері мен компаниялары шеңберінде өзара байланыстардың қарқынды түрде дамып келе жатқаны анық байқалады. Біз өзара ықпалдастықтың ең жоғары деңгейіне жетіп отырмыз. Бұл – тәуелсіз ел ретінде даму тарихымыздағы айтулы оқиға және халықтарымыз арасындағы байланыстардың рухы мен сипатына сай келеді. Мұның солай болатын жөні бар.