Аида Балаева «Қазақфильмге» қатысты мәлімдеме жасады
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» компаниясы
төңірегіндегі мәселелерге қатысты мәлімдеме жасады.
Ол киностудияның қаржылық, әкімшілік және инфрақұрылымдық проблемалары барын айтты. Басты себеп: компанияның өзін өзі қамтамасыз етуге және табыс табуға заңды тұрғыда мүмкіндігі жоқ. 2019 жылдан бері кино түсіру құзіреті «Ұлттық киноны қолдау орталығына» берілген. «Қазақфильм» де осы орталық қаржыландыратын жобаларға кірді. Министр жағдайды реттеу үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын айтты. Біріншіден, бұрын жобалар мемлекеттік тапсырыс арқылы түсірілсе, енді түрлі тақырыптағы сценарийлер байқауы жарияланады. Екінші қадам «Қазақфильмге» кино түсіру, фестивальдер ұйымдастыру, дубляж жасау құқықтары мен басқа да жаңа мүмкіндіктер беруді заңды түрде бекіту. Үшінші міндет - инфрақұрылымды дамыту. Бұл бағытқа инвестор тарту қажет. «Ал жер теліміне келсек, жылжымайтын мүлік мемлекет меншігінде және ешкімге берілмейді», - деді министр.