Аида Балаева Еуропа мен Орталық Азиядағы БҰҰДБ аймақтық бюросы директорымен кездесті

Аида Балаева Еуропа мен Орталық Азиядағы БҰҰДБ аймақтық бюросы директорымен кездесті

ҚР МАМ мен БҰҰДБ креативті индустрия және гендерлік саясатты дамыту бойынша ынтымақтастықты арттырады.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Еуропа мен Орталық Азиядағы БҰҰДБ аймақтық бюросы директорының орынбасары Ник Хартманмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар креативті индустрия мен гендерлік саясатты дамыту мәселелерін талқылады.

 "Мемлекет басшысы креативті индустрияны қолдау бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеуді, оның ішінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын құруды және қатысушыларға өнімді коммерцияландыру мәселелері бойынша көмек көрсетуді тапсырды. Халықаралық тәжірибені ескере отырып осы саланы дамытуға бағытталған Қазақстанға тән ұлттық үлгіні қалыптастыруымыз қажет", - деді министр.

Айта кетейік, министрлік креативті индустрия саласын дамытудың жаңа кезеңіне кірісті.

ҚР Үкіметі қабылдаған қаулыға сәйкес креативті индустрия саласындағы экономикалық қызметтің 40 түрі салықтың барлық түрінен (КТС, ЖТС, ҚҚС) босатылып, ЖК үшін 2-4%, ЖШС үшін 8% бірыңғай салық жүйесі енгізілді.

Салық салуды жеңілдету шарасы  кино өндірісі мен постпродакшн салаларына, музыкалық шығармаларды жазу мен басып шығаруға, театр және музей өнеріне, сәулет пен дизайнға, қолөнерге, кәдесый өнімдерін өндіруге және т. б. әсер етеді.

Креативті индустрия саласын қолдау мақсатында заң жобасы әзірленді. Қажетті таланттарды іздеу және қолдау, инфрақұрылымды дамыту, өнімдерді экспорттауға және коммерцияландыруға, зияткерлік қызметті дамытуға жәрдемдесуді көздейтін Корпоративтік қор құру жоспарлануда.

Өз кезегінде БҰҰДБ Еуропа мен Орталық Азиядағы аймақтық бюросы директорының орынбасары Ник Хартман Қазақстанмен халықаралық жобаларды іске асыру мен ынтымақтастықты арттыруға, сондай-ақ сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Тараптар заманауи әдістер мен технологияларды пайдалана отырып тереңдетілген зерттеулер жүргізу жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру, креатившілердің қатысуымен семинарлар өткізуге халықаралық сарапшыларды тарту, шетелде тәжірибе алмасуға жіберу және оқытуға қатысты мәселелерді талқылады.

«Қазақстан Орталық Азиядағы креативті индустрия саласындағы таланттарды тартудың халықаралық алаңы мен орталығына айналады деп сенеміз. Халықаралық жобаларды іске асыруға және ынтымақтастықта бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», - деп атап өтті министр.

Сонымен қатар Аида Балаева мен Ник Хартман әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету, олардың мүмкіндіктерін арттыру мәселелерін талқылады.

2023 жылдан бастап министрлік Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен ынтымақтастық шеңберінде гендерлік саясат мәселелеріне жауапты орган болып белгіленді. Ведомство 2030 жылға дейін еліміздегі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының орындалуын бақылайды.

2023 жылдың қазан айынан бастап ТМД-да алғаш рет мемлекеттік мекемелерде гендерлік теңдікке қол жеткізуге арналған сертификаттау бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында БҰҰДБ министрлік қызметкерлерін гендерлік теңдік, гендерлік саясат пен бюджетті құру негіздеріне оқытады.

Өңірлердегі әйелдер мен қыздардың көшбасшылық әлеуеті мен саяси белсенділігін арттыру үшін 2022 жылы «Томирис» ақпараттық-білім беру бағдарламасы іске қосылып, 2023 жылы бағдарламаның тұжырымдамасы әзірленді.  Аталған бағыт бойынша барлығы 416 әйел дәріс алды.

Кездесу соңында тараптар Мәдениет және ақпарат министрлігі мен БҰҰДБ креативті индустрияны дамыту бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге келісті.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі