Президенттік жастар кадры резервіне түрлі сала мамандары кіре алады
Бұл жастар үшін тың тәжірибе болса, мемлекет үшін серпінді күш.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі қызметінде болған Әділет Зәкиев осындай пікірде. Кезінде бизнестің басы-қасында болып, кейін резерв арқылы мемлекеттік қызметтің сырына қаныққан ол бірегей тәжірибе жиғанын айтады.
Әділет Зәкиев, кәсіпкер:
- Бүгін Президент кәсіпкерлік саладағы білікті, білімді азаматтардың мемлекеттік қызметке кіру қиындығын атап өтті. Расымен, заң нормаларымен бекітілген түрлі кедергі бар. Бизнесте мен сияқты еңбек еткен жандардың мемлекеттік қызметке тұруы негізі оңай емес. Ал резерв мемлекеттік қызметтің не екенін іштен көріп, өмірден көрген-түйгеніңді қолданып, қоғамның дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Әсіресе мемлекеттік қызметтен кейін жеке секторда жұмыс істеу біршама жеңілдейді екен. Мен қазір қайта кәсіпкерлік жұмысыма оралдым, өйткені мен үшін әлеуметтік жобаларды іске асыру оңтайлы.