Қазақстандық бітімгерлер Таяу Шығысқа аттанады
Қазақстандық бітімгерлер Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына қатысуға дайын.
Қарулы Күштердің бітімгерлік контингентінің алғашқы легі үш күннен кейін жолға шығады. Олар Таяу Шығыстағы Голан жоталарына аттанады. 240 адамның арасынан іріктеліп алынған 139 бітімгер алты ай бойы арнайы дайындықтан өтті.
Алматы облысындағы «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығында іріктеп алынған 139 адам миссияға тыңғылықты дайындалып жатыр. Олар шартты түрдегі базаны күзету, тосқауыл бекетіндегі қызметті қалай атқару керектігін пысықтады. Өткелден өтуге келген көліктен бастап, жаяу жүргіншіге дейін мұқият тексеріледі. Голан жоталары қауіпті аймақ болғандықтан, қарулы топқа тойтарыс беруге де машықтанған жөн. Таяу Шығыстағы бұл аумақтың көп бөлігі Израильдің, ал қалған 600 шаршы шақырымы Сирияның бақылауында. Мұндағы БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы 70-жылдардан басталады.
Еске сала кетейік, 19 қаңтарда Парламент Президенттің БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстанның бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысын қолдаған еді.
Бауыржан Нығметуллин, ҚР ҚМ KazCent бітімгерлік дайындық орталығының бастығы:
- Өткен жылдың желтоқсанында БҰҰ-нан келген комиссия біздің жасақтың дайындығын жоғары бағалады. Енді біз өз бетінше бітімгерлік миссиясын атқару мандатына ие болдық. Қазақстан мен БҰҰ арасында меморандум да жасалған. Біздің бітімгерлер алғаш рет қару-жарақ және арнайы техникамен барады.
Голан жоталарына аттанатын бітімгерлердің арасында инженерлік-саперлік взвод бар. Шетелдік нұсқаушылар оларға әртүрлі жарылғыш заттармен жұмыс істеудің құпиясын үйретіпті.
Бауыржан Кәмен, инженерлік-саперлік взвод командирі:
- Біздің ол жақтағы бірінші міндет жарылғыш зат табылған аймаққа барып жарылғыш затты залалсыздандыру. Алты айлық дайындық барысында біз кез келген жарылғыш затпен жұмыс істеуге толықтай үйреніп, қазіргі таңда біз барлық жарылғыш затпен жұмыс істей аламыз. Бұған дейін бітімгерлік миссиямен барғандар бар. Олар қазіргі таңда бізбен тәжірибелерімен бөлісуде.
Бір жылдық миссияның құрамына жеті қыз-келіншек қосылды. Бірнеше сатылы дайындықтан өткен нәзік жандының төртеуі дәрігер, екеуі аспаз, ал біреуі мерген екен.
Ардақ Күртебаева, санитарлық нұсқаушы:
- Бұл менің шет елдік бірінші тәжірибем емес, 2020 жылы Ливан мемлекеті Бейрут қаласында жарылыс салдарынан науқастарға осы Қазақстан атынан 30 медициналық қызметші барған болатынбыз. Сол кезде мен көмек көрсету құрамында болдым.
Бітімгерлердің алғашқы тобы 22 ақпан күні Алматы-Ақтау-Дамаск бағытымен жолға шығады. Олар Сирияның Дамаск қаласы арқылы Голан жоталарына барады. Ал негізгі құрам 14 наурызда сапарға аттанады. Әскери техника теміржол арқылы Ақтауға, әрмен қарай ұшақпен Сирияға жеткізіледі. Бітімгерлер контингенті брондалған 15 «Арлан», 6 жол талғамайтын, 4 жүк көлігі және 1 шағынавтобуспен жабдықталған.
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев