Қазақстан және Гвинея-Бисау: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

 

Қазақстан Африка елдерімен байланысты кеңейтуге ден қойды.

Бұған Того, Конго басшыларының біздің елге жасаған сапарлары дәлел. «Сол секілді Гвинея-Бисау президентінің Қазақстанға қадамы арадағы қарым-қатынасқа қан жүгіртеді», - дейді сарапшылар.

Гвинея-Бисау - Батыс Африкадағы мемлекет. Қазақтың «аядай» деген теңеуі сұранып тұрғандай. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызшы орын алатын Қазақстанның ширегіне де татымайтыны түсінікті. Десе де осы кіп-кішкентай құрлықта 2 млн-ға жуық адам тұрып жатыр. Алайда бізді осы алақандай елдің әлеуеті қызықтырады. Әдетте Африка дегенде көзімізге бірден алтын мен асыл тастардың сарқылмас қоры елестейді. Бірақ бір қызығы, біз сөз еткен Гвинея-Бисауда ауыл шаруашылығы жолға қойылған. Жұрт талғап жейтін кешью мұнда қаптап өседі. «Алматының апорты» деген секілді, жұрт Гвинея-Бисаудың жаңғағына жерік. Әрі Қазақстан секілді ауыл шаруашылығына арқа сүйеуі екі елдің даму бағытында ұқсастықтар барын байқатады.

 Мирас Жиенбаев, экономист

- Қазақстан шикізаттық емес тауар түрін экспорттайтын нарықты кеңейтуге басымдық береді. Бұл ретте Африканы айтпай кетуге болмайды. Себебі оның құрамына енетін 55 мемлекет бір Одаққа біріктірілген. Демек, Гвинея-Бисаумен бекіген байланыс басқаларына да жол ашады. 

Дәл қазір арқаны ақ ұлпа орап жатса, Гвинея-Бисауда керісінше, аптап ыстық. Десе де екі түрлі климат алыс-беріс, барыс-келіске еш кедергі емес. Қайта жыл он екі ай жылымық болатын елде тауар тасымалы қолайлы. Әлемдегі ірі теңіз порттары осы елде. Тонна-тонна тауар тиеген кемелер тәулік бойы жер шарының түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатыр.

Самат Нұртаза, саясаттанушы

- Оңтүстік Америкаға тасымалдағыңыз келсе, сіз жолда тоқтауыңыз керек. Керосин құясыз, азық түлікті жаңартасыз. Сол тұрғысынан Гвинея -Бисау мемлекеті нағыз порт, ең Африканың батысында. Мысалы, Аргентина, Бразилия, т.б. елдермен орнатсақ, онда біздің кемелер жолда тоқтауы керек. Қара теңіз не Жерорта теңізіне шыққан кеме Буэнес-Айрес пен Рио-де Жанейроға бара алмайды. Сол жағынан байқасаңыз, келген Того мемлекет болсын, Конго болсын мұхитқа шығатын мемлекеттер, ірі порттары бар.

Ал бүгін  Гвинея-Бисау президенті Умару Сисоку Эмбало қазақ жеріне ресми сапармен келді. Қос тарап саясаттан бастап сан түрлі салалардағы байланыстың келешегін кеңінен қозғайды. Қазақ басшысы әріптесімен бұған дейін бірнеше мәрте жүздескен. Бастысы ниет бары байқалады. Демек басқасы да болады.

 

Авторлары: Назерке Тоқжан, Диас Қобланбаев