Өткен жылы экономика 4,8% өсті – Олжас Бектенов
Ауыл шаруашылығында – 13,7%, құрылыста – 13,1%, саудада – 9,1%, көлікте – 8,5% деңгейінде өсімге қол жеткізілді.
Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ға ұлғайды. Аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы
10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді.
Салалар бойынша статистикалық өсу көрсеткіштерінің нақты нәтижелері мынадай: 29 ірі зауыт салынды. Олардың қатарында Қостанай облысында шойын құю; Алматы облысында вольфрам және жылу оқшаулағыш материалдар өндіретін; Шымкентте бағалы металдарды өңдеу; Қарағанды облысында катодты мыс, автомобиль шиналары мен тұрмыстық техника шығаратын және басқа да кәсіпорындарды атап көрсетуге болады. Саран қаласында заманауи өндірістердің іске қосылуы оған моноқалалар санатынан шығуға мүмкіндік берді. 26 млн тоннадан астам астық, 3 млн тоннадан астам майлы дақылдар жиналды. Алғаш рет елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 397 денсаулық сақтау, 298 білім беру нысаны бой көтерді. 11 мың орынға арналған 40 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. Жүк тасымалының көлемі өткен жылы 10%-ға өсіп, шамамен 1 млрд тоннаға жетті. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша контейнерлік тасымалдау 2,7 есеге ұлғайды. Инвестициялық штабта жалпы құны 50 млрд доллар болатын 115 жоба бойынша проблемалық мәселелер тез арада шешімін тапты.
Өткен жылы Үкімет негізінен отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелеріне басымдық берді.
Экономиканың өсуі инфрақұрылымға салынатын қарқынды инвестициялармен қатар жүруі керек. Алайда экономиканың қаржыландыру көлемі үлкен секторларында бағаны шамадан тыс мемлекеттік реттеу бұл міндетті қиындата түсіп, инвестициялық әлеуетті төмендетіп отыр. Үкімет жанар-жағармай материалдары мен газ бағасын, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және теміржол тасымалы салаларындағы тарифтерді кезең-кезеңмен ырықтандыруды бастады. Біртіндеп нарықтық баға саясатына көшу осы салаларға қажетті инвестицияларды тартуға және жанармай тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді.
Біз бағаның күрт қымбаттауына жол бермейміз.