Ұлытау облысында да сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Өңірде 140 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Электораттың шамамен 40 проценті облыс орталығында тұрады. Жезқазғандықтар үшін 33 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24». Елдос Кәкенов, тілші: - Бұл – облыс орталығындағы Достық үйінде орналасқан №233 сайлау учаскесі. Мұнда 2288 сайлаушы тіркелген. Осы сәтке дейін сайлаушылардың шамамен 20 проценті дауыс беріп үлгерген. Яғни, белсенділік жоғары. Сайлау учаскесінде дауыс берушілер үшін тиісті жағдай жасалған. Динара Қапарова, Жезқазған қаласының тұрғыны: - Әрбір кандидаттың сайлау бағдарламасымен танысып, бүгін солардың еліміз үшін еңбек атқаратынына сенім білдіріп бүгінгі сайлауға келіп отырмын. Жалпы, Ұлытау облысы бойынша 141 мың 285 сайлаушы тіркелген. Оларға 134 сайлау учаскесі қызмет көрсетеді. Оның 77-сі қалалық, 57-і ауданда орналасқан. Аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беру барысында әзірге ешқандай тәртіп бұзу дерегі тіркелмегендігін айтады. Молдабек Берлібек, №233 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы: - Сұрақ болады, сұрақсыз емес. Өйткені бюллетеннің санын көріп отырсыздар, 5 бюллетень. Сұрайды. Түсіндіреміз. Бірақ кімге дауыс беретінін айтпаймыз. Сайлаушылар өте тәртіпті. Қазір халық жақсы, сайлауға жақсы қарайды. Сағат түскі 12-ге дейін үйден дауыс беремін деген сайлаушылардан өтініштер қабылданады. Дәл осы сайлау учаскесі бойынша олардың саны – 11 адам. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бірнеше инватакси жасақталған. Сонымен қатар Жезқазған қаласы бойынша қоғамдық көліктер күні бойы жолаушыларды тегін тасымалдайтын болады. Авторлары: Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.