Харбин-2025: хоккейден Қазақстан Тайваньді ірі есеппен жеңді

Керлингтен қазақстандық жұп жарыс жолынан шығып қалды. В тобында сынға түскен Әмина Сейітжанова мен Азизбек Надирбаев топтық кезеңдегі соңғы матча Филлиппинге есе жіберді. Жерлестеріміз 11:2 есебімен жол берді. Осылайша В тобынан Қытай, Филипин, Корея құрамалары келесі кезеңге өтті. Енді керлингтен Қазақстан құрамасы ертеңнен бастап командалық топтық кезеңде өнер көрсетеді.

Харбин-2025: хоккейден қазақстан ерлер құрамасы Тайваньді ірі есеппен жеңді

Қазақстан ерлер құрамасы Тайваньді ірі есеппен жеңді. Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарында, хоккейден топтық кезеңнің 3 турында қос команда кездесті. Жерлестеріміз 2-ші минутта есеп ашты. Оны шабуылшы Андрей Буяльский өз атына жазды. Одан кейін қазақстандықтар тағы 4 шайба соғып, есепті 5:0-ге жеткізді. Екінші кезеңде де құрама жігіттері осы нәтижені қайталады. Соңғы кезеңде жерлестеріміз жауапсыз 7 гол соғып, қорытынды есепті 17:0-ге жеткізді.

Бұл Қазақстан құрамасының топтық кезеңдегі үшінші жеңісі. Осыған дейін отандастарымыз Таиландты 12:0, Қытайды 6:1 есебімен тізе бүктірген болатын. Енді ертең Жапония құрамасымен кездеседі.

 

Харбин-2025: Қазақстан әйелдер құрамасы қатарынан үшінші ойында жеңіске жетті

- Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы қатарынан үшінші ойында жеңіске жетті. В тобында өнер көрсетіп жатқан бұрымдыларымыз осы жолы қытайлық Тайбэй құрамасымен өзара мықтыны анықтады. Ойын бастала салысымен Тайбэй командасы есеп ашты. Алайда қазақстандық шабуылшы Лариса Свиридова араға көп уақыт салмай, есепті теңестірді. Екінші кезеңде жерлестеріміз қарсылас қақпасына 4 шайба салды. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы 5:1 есебімен жеңіске жетті. Қазіргі ұлттық құрама 3 матчтың барлығында жеңіске жетіп, В тобында көш бастап келеді. Бұрымдыларымыз енді 9 ақпан күні топтық кезеңнің соңғы матчында Кореяға қарсы ойнайды.

 

Елена Рыбакина Әбу Даби турнирінің жартылай финалына шықты

Елена Рыбакина жартылай финалға шықты. Қазақстанның бірінші, әлемнің бесінші ракеткасы Әбу Даби турнирінің ширек финалында «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін финалисі, тунистік Онс Жабермен шеберлік байқасты. Осыған дейін қарсыластар бес рет кездессе, соның үшеуінде тунистік теннисші жеңген болатын. Алайда 2022 жылы «Уимблдон» турнирінің финалында қазақстандық теннисші ұтып, чемпион атанған. Бұл жолы Рыбакина матчты сәтті бастап, бірінші партияда қос брейкке қол жеткізді. Алайда екінші сетте сол қарқынынан айырылып қалып, Жабер 2-ші сетті өз пайдасына шешті. Шешу тайымда Елена жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп 2:1. Енді Рыбакина жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асатын доданың финалына шығу үшін рейтингте 157-ші сатыда тұрған швейцариялық Белинда Бенчичпен кездеседі. Ол ширек финалда чехиялық Маркета Вондроушованы жолдан тайдырған болатын.

 

Жәнібек Әлімханұлы алдағы жекпе-жегін Астанада өткізеді

Жәнібек Әлімханұлы алдағы жекпе-жегін Астанада өткізеді. Жерлесіміз 5 сәуір күні елордадағы бокс кешінде франциялық Анаэль Нгамиссингемен кездеседі. Жекпе-жекте орта салмақтағы WBO және IBF белбеулері сарапқа салынады. Ескеретін жайт, Жәнібектің қарсыласы мансабында алғаш рет 12 раунд пен титулдық кездесу өткізбек. Ол осыған дейін 13 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Бірақ ТОП дәрежедегі боксшылармен жұдырықтасып көрмеген. Ал жерлесіміздің қоржынында 16 жеңіс бар. Әлімханұлы соңғы рет шаршы алаңға былтыр қазан айында Сиднейде шығып, тоғызыншы раундта Жаңа Зеландия өкілі Андрей Михайловичті техникалық нокаутпен жеңген болатын.

 

Волейбол: «Жетісу» қатарынан 12 матчта жеңіске жетті

Жетісу қатарынан 12 матчта жеңіске жетті. Талдықорған қаласында волейболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының төртінші туры өтіп жатыр. Сербиялық маман Марко Гршичтің баптауындағы талдықорғандықтар бұл жолы Ақтөбеден айласын асырды. Қазір Жетісу 64 ұпаймен турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келеді. Турнирлік сатыда 2-ші орында келе жатқан «Берел» көш соңындағы Павлодардың «Ертісін» тізе бүктірді. «Алматы» командасы болса «Ару-Астанадан» 3:1 есебімен басым түсті. Бүгін  Грация KZ» - «Алматы», «Қуаныш» - «Ақтөбе», «Ертіс» - «Ару-Астана», «Берел» - «Тұран», «Жетісу» - «Қарағанды» командалары өзара мықтыны анықтайды.

Перизат Нұрбергенова, «Жетісу» командасының ойыншысы:

- Осы уақытқа дейін біз екінші орында келе жатқанбыз. Өткен турда «Берел» командасын ұтып, Алланың қалауымен 1-ші орынға шықтық. Бүгін «Түркістан» командасымен ойнаймыз. Осы турды ұтқан соң келесі тур плей-офф болады. Плей-офта чемпиондыққа ойнаймыз, Алла қаласа. Чемпион болғаннан кейін Азия чемпионатына дайындаламыз. Әзірге мақсатымыз осы.

Ермек Сырлыбаев, Қазақстан воллейбол федерациясының вице-президенті:

- Бүгін Талдықорған қаласында чемпионаттың 4-ші туры басталды. Әйелдер командалар арасындағы Ұлттық лигасы. 10 команда қатысып жатыр. Бұл плей-офтың алдындағы соңғы тур. Осы турдан кейін бірінші, екінші командалар белгілі болады. Қалған командалар келесі айда плей-офта өнер көрсету керек болады. Содан кейін кімнің үшінші, төртінші орынға ие болатынын көреміз. Келесі айда Қазақстан чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері белгілі болады.