Г. Головкин мен Е. Мырзабосынов Азиададағы спортшылармен кездесті
![Г. Головкин мен Е. Мырзабосынов Азиададағы спортшылармен кездесті](/media/k2/items/cache/1780df4dfa5eb3cf5320d4e38daaf238_XL.jpg?t=20250210_063720)
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2025 жылғы Харбиндегі қысқы Азия ойындарында өнер көрсетіп жатқан Қазақстан құрамасымен кездесті, деп хабарлайды olympic.kz.
ҰОК төрағасы мен Туризм және спорт министрі спортшыларды алғашқы жеңіп алған медальдарымен құттықтап, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.
«Бүгін жеңіс тұғырына шыққан спортшыларымызды құттықтаймын. Сіздердің бүгінгі жетістіктеріңіз – еңбек, шыдамдылық пен спортқа деген адалдықтың нәтижесі.
Сіздермен бірге осында болғаныма қуаныштымын және Азия ойындарында өнер көрсету, елімізді осындай ірі спорттық шарада таныту сіздер үшін қаншалықты маңызды, әрі жауапты екенін түсінемін. Әрқайсыңыз жалпы жетістікке өз үлестеріңізді қосып отырсыздар. Біз сіздердің жарыстарда көрсеткен жанқиярлық еңбектеріңізді бағалаймыз.
Барлықтарыңызға жарқын жеңістер мен жаңа жетістіктер тілеймін», - деді Геннадий Головкин.
Еске салсақ, 2025 жылғы IX қысқы Азия ойындары 7-14 ақпан аралығында Харбинде өтіп жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстан құрамасының қоржынына үш күміс медаль түсті. Шорт-трекшілер командасы 2000 метрлік аралас эстафетада күміс медаль жеңіп алса, конькимен жүгіруші Евгений Кошкин 100 метрлік қашықтықта күміс жүлдегер атанды. Шаңғы жарысында Константин Борцов спринтте екінші орын алып, күміс медаль иеленді.