Түркістанда Б.Саттархановқа арналған жасөспірімдер арасындағы турнир басталды

Түркістанда бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың туғанына 45 жыл толуына орай 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы республикалық ашық турнир басталды.

Жарыстың ашылу салтанатына даңқты боксшының анасы Сырлыгүл Шойбекова, Бекзат Саттархыновтың алғашқы бапкері Нұрлан Жұмабаев және қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысты. Турнир жақында ғана пайдалануға берілген «Бекзат Саттарханов» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға Өзбекстан мен  Қырғызстан Республикасынан және еліміздің барлық аймағынан 200-ден аса  спортшы қатысып, бақ сынайтын болады. Бекзат Саттарханов көзі тірі болғанда биыл 45 жасқа толар еді. Әлемдік бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған батыр ұлды халық жадында мәңгі сақтау үшін жыл сайын сәуір айында халықаралық турнир өткізіледі. Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы республикалық ашық турнир 13-ші ақпанға дейін жалғасады.    

Аңсар Үсенхан, жарысқа қатысушы:

- Бүгінгі турнирге біз өте жақсы дайындалдық. Оған алдымен ағайларыма рахмет. Қарсыласым Ақтөбе облысының тумасы, ол да өте жақсы бала. Жақсы дайындалған. бұл жекпе-жектегі тактикам тек қана ағайды тыңдау болды. Кезкелген боксшы ағайын тыңдау арқылы жеңіске жетеді. Осы турнирдің жеңімпазы атанып, болашақта Б.Саттарханов ағамыз сияқты олимпиада чемпионы болуды қалаймын.

Сырлыгүл Шойбекова, Б.Саттархановтың анасы:

- Бұл ешқандай да кезекті турнир емес, кезектен тыс турнир. Кешен жаңадан бітіп жатыр Бекзатқа арналған, соны алғаш рет Бекзатқа арнап, турнир өткізіп жатыр. Мен осыны ұйымдастырғандарға алғысымды айтамын. Келіп жатқан қонақтарға, жас балаларымызға жеңіс тілеймін барлығына! Ақ жол, сәттілік болсын!