Италияда XXV Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық басталды

Италияда XXV Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық басталды, деп хабарлайды 24kz.

Биыл елде бобслей жарысына арналған жаңа жол салынады.

Оған 118 млн еуро қаржы бөлінді. Алайда жол салушылар қар таппай қиналып отыр. Апеннин түбегіндегі ақ Олимпиада қалай өтеді?

Қазір Кортина-д'Ампеццо тау шаңғысы курортында құрылыс қызу жүріп жатыр. Жаңа Сан-бобслей жарыс жолы жуық арада пайдалануға берілуі тиіс. Өйткені келер айда спортшылар онда сынақ жарыстарын өткізеді.

Джанлука Лоренци, Кортина-д'Ампезцо қаласының мэрі:

- Біздің қолымызда барлық қажетті есептеулер бар. Нысан белгіленген мерзімде қолданысқа беріледі. Инженерлердің айтуынша, оны тұрғызу кезінде ешқандай қиындық туындамауы керек.

Спорт нысаны ескі Евгенио Монти тас жолының орнында тұрғызылған. Құрылысы 1956 жылы аяқталған кешен Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу үшін арнайы салынған еді. Бірақ 17 жыл бойы қараусыз қалған ғимарат ескіріп, тозып кеткен. Оны қайта қалпына келтіру үшін 118 млн еуро қажет дейді билік.

Ауа райының қолайсыздығы жарыстарды өткізуге кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені кейінгі жылдары Италияның тау шаңғы курорттары қардың аз түсуінен қиындыққа тап болды. Мысалы былтыр шаңғы жолдарын қарға толтыру үшін арнайы құрылғылар пайдаланылды. Олар тәулігіне 3 мың текше метрдей жасанды ақ ұлпа шығарады.

Неманья Дого, Technoalpin компаниясының атқарушы сату менеджері:

- Қазір тау-шаңғы курорттарында жасанды қарды жиі қолданады. Бірақ бұл көп қаржы талап ететін процесс. Себебі оған электр энергиясы мен су көп кетеді. 

Келер жылы қысқы Олимпиада ойындары Италияда өтеді. Төртжылдықтың басты қысқы жарысы Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында ұйымдастырылады. Билет құны 260 еуродан басталады. Бұл теңгемен 140 мыңдай болады.

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Әсел Әбдіқалықова