Қысқы Азия ойындарының жүлдегерлері елге оралды

Қытайдың Харбин қаласында өткен ІХ қысқы Азия ойындары аяқталды.

Түнде Алматыға қола жүлде жеңіп алған биатлоншы қыздарымыз Дарья Климина, Елизавета Белецкая мен ерлер эстафетасының күміс жүлдегері Кирилл Бауэр ұшып келеді. Спортшыларды жақындары, достары мен жанкүйерлер гүл шоқтарымен күтіп алды. Жүлдегерлермен суретке түсіп, тұғырлы жеңіспен құттықтады. Спортшылардың айтуынша, қысқы Азия ойындары тартысты өткен. Дегенмен жерлестеріміздің бағы жанып үздіктер қатарынан көрінді. Қазақстан құрамасы Харбиндегі байрақты бәсекеде 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медальмен төртінші орынға табан тіреді.

Кирилл Бауэр, ІХ Қысқы Азия ойындарының жүлдегері:

- Мұндай ірі жарысқа қатысу керемет сезім. Бұл менің алғашқы Азия ойындарым болғандықтан нәтиже жақсы болды, деп ойлаймын. Эстафетада алтынға үміттенген болатынбыз, бірақ күміс алдық. Біз дайындықтық шыңдап, алдағы олимпиадаға жолдама алуға тырысамыз.   

Дарья Климина, ІХ Қысқы Азия ойындарының жүлдегері:

- Биатлон сайысында Қытай, Оңтүстік Корея және жапон сияқты білікті бәсекелестер болды. Олардың көбі әлем кубогінің жеңімпазы атанып жүр. Бірақ біз бары күшімізді салып өз мүмкіндіктерімізді толық көрсетуге тырыстық.