Fujairah Open 2025: таеквондошылар елге жүлдемен оралды
Спорт саңлақтарын Астана әуежайынан жанкүйерлері сән-салтанатпен қарсы алды.
Жерлестеріміз жасөспірімдер арасында өткен дүбірлі додада 8 алтын, 4 күміс, 6 қола медаль иеленіп, командалық есепте көш бастады. Бас-аяғы байрақты бәсекеге 30 мемлекеттен 2500 астам спортшы қатысып, өзара мықытыны анықтады.
Арал Садықов, ҚР Таеквондо федерациясының бірінші вице-президенті:
- Өте маңызды жарыстардың бірі. Себебі жастар мен жасөспірімдердің алдында алдағы уақытта әлем чемпионатына іріктеу болады. Соған бұл халықаралық жарыс өте нәтижелі болды және тәжірибелі болады деп сенемін.
Жампоздардың сапында 57 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Аятжан Әмірханов та бар. Ол алғашқы жекпе-жегінде әзербайжандық қарсыласын жеңіп, келесі кезеңде бахрейндік таеквондошыдан басым түсті. Үшінші айналымда Грузия өкілін шаң қаптырып, ақтық жекпе-жекте Өзбекстан спортшысын жеңді. Қоржынға алтын медаль салды.
Аятжан Әмірханов, Fujairah Open 2025 халықаралық турнирінің жеңімпазы:
- Төрт жекпе-жек болды. Қиын болды деп сұрасаңыз, иә, қиын болды. Бірақ жақсы дайындалып, өзімді жақсы көрсеттім. Қазақ туы желбіреген кезде менің жүрегім өте қуанышты болып кетеді. Себебі өз елімді жақсы көремін. Алдымда көп жекпе-жек бар болғандықтан, солай жұмыс істей беремін. Әлі бәрі алда.