Хоккейден Азия ойындарының жүлдегерлері елге оралды
Ел айбынын әлемдік додада асқақтатқан хоккейшілер түнде елордаға оралды, деп хабарлайды 24KZ. Азиада жүлдегерлерін әуежайдан сән-салтанатымен қарсы алуға елуден астам адам келді. Олардың қатарында спортшылардың туған-туыстары, жанкүйерлері мен әріптестері де бар. Чемпиондарымыздың жүзі жарқын, көңілі көтеріңкі.
Естеріңізде болса, жарыс қорытындысы бойынша хоккейден ерлер командасы алтын медальді иеленді. Ал әйелдер құрамасы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Данияр Самат, хоккейден Қазақстан ерлер құрамасының қорғаушысы:
- Біріншіден, мен Азиада ойындарына алғаш рет қатысып тұрмын. Әр сәт есімде қалды. Бәрі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аздаған демалыстан кейін бізді тағы жарыстар күтіп тұр. Тек жеңіске жетуге тырысамыз.
Алина Щёколова, хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасының қақпашысы:
- Біз осы жолғы Азиада ойындарында екінші орынға ие болдық. Алда әлем чемпионаты күтіп тұр. Ол сайыстан да жеңімпаз болып шығамыз деген сенімдеміз.