Әлем кубогі: Қазақстандық шорт-трек шеберлері үшінші орын алды

Харбиндегі жеңіс жолы Миланда жалғасын тапты, деп хабарлайды 24kz.

Қазақстандық шорт-трек шеберлері кезекті рет жеңіс тұғырына көтерілді. Дәл қазір Италияның Милан қаласына шорт-тректен әлем кубогының кезеңі өтіп жатыр. Қазақ жігіттері тағы да командалық эстафетада сәтті өнер көрсетіп, іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтті. Артынша финалда әлем мықтыларымен жарысқа шығып, мәре сызығын үшінші болып кесті. Ел намысын Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Денис Никиша және Мерсаид Жақсыбаев төрттігі қорғаған болатын. Осылайша, ұлттық құрама әлем кубогінің қола жүлдегері атанып отыр. Алтын жүлде Италия, ал, күміс жүлде Канада спортшыларына бұйырды.

Айта кетейік, дәл осы жігіттер бірер күн бұрын Қытайдың Харбин қаласындағы Қысқы Азия ойындарына қатысып, тарихи жетістікке жеткен еді. Яғни, алғаш рет аталмыш құрлықтық доданың жеңімпазы болды.