Михаил Шайдоров Төрт құрлық чемпионатында бақ сынайды

Жуырда ғана Қысқы Азия ойындарында жүлдеге іліккен Михаил Шайдаров енді төрт құрлық чемпионатында бақ сынайды.

Жарыс бүгін Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында басталады. Михаилдан бөлек, ел атынан Диас Жиренбаев, Софья Самоделкина мен София Фарафонова қатысады. Жұптық сында Гаухар Наурызова мен Бойсангур Датиев өнер көрсетеді. 

Сұрмергендер халықаралық жарыста топ жарды 

Қоржынымызда 4 медаль. Оның 2-еуі – алтын. Қазақстандық сұрмергендер Қатар еліндегі халықаралық турнирге қатысып, бірінен соң бірі жеңіс тұғырына көтеріліп жатыр. «Қатар Гран-Приі» деп аталатын стенд ату шеберлерінің бәсекесіне 30 елден 250 спортшы жиналды. Араларынан скит бағытында қазақстандық Диана Сабекова ең үздік нәтиже тіркеп, жарыс жеңімпазы атанды. Артынша оның жеңіс жолын ерлер арасында тағы бір қазақстандық Артем Седельников жалғады. Айта кету керек, қос спортшы да жасөспірімдер санатында сынға түскен еді. Ал ересектер арасында қазақстандық Ольга Панарина күміс, ал Зоя Кравченко қола жүлдеге қол жеткізді. Доха қаласындағы жарыс әлі де жалғасып жатыр. Сәйкесінше Қазақстан қоржынындағы медальдар саны артуы мүмкін. Байрақты бәсекенің жалпы қорытындысы 22-ші ақпанда белгілі болады.

Бақыт Сәрсекбаев жас боксшыларды дайындайды

Бақыт Сәрсекбаев резерв дайындығына кірісті. Олимпиада чемпионы Қазақстан бокс федерациясы басшылығының шақыруымен елге оралып, бапкерлік қызметті қолға алған болатын. Ол алдымен жас боксшылардан ұлттық құрама жасақтап, одан кейін алдағы құрлықтық және әлемдік аламандарға дайындауды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Талдықорған қаласында 22 жасқа дейінгі былғары қолғап шеберлері арасында Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылды. Оған 230-дан аса қатысушы жиналып, 13 салмақта өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде, Диас Берікбай, Мадияр Бексұлтанов, Бақтияр Анарабаев, Абылай Сман, Саят Әшімов, Азатбек Жолдасхан сияқты жігіттер топ жарды. Алтын және күміс жеңіп алған боксшылар құрамаға алынады. Бұған қоса, қола жүлдегерлерге қосымша мүмкіндік берілмек. Арнайы іріктеуден өткен боксшылар енді Бақыт Сәрсекбаев жетекшілігімен бірнеше жаттығу жиынын өткізеді. Одан кейін жазда жастар арасындағы Азия чемпионатына қатысады. 

Бақыт Сәрсекбаев, Олимпиада чемпионы:

-Қазақстанның әр өңірінен мықты боксшылар жиналды. Олардан ұлттық құрама жасақтадық. Ендігі мақсат – алдағы Азия чемпионатында жақсы өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілу. Осы жастар арасынан қазіргі ересек құрамаға лайықты ізбасарлар шығаруға тырысамыз.