Михаил Шайдоров төрт құрлық чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров Сеулде (Оңтүстік Корея) өтіп жатқан төрт құрлық чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Қазақ спортшысы қысқа бағдарламадан кейін көшбасшылықты сақтап тұрды. Нәтижесінде ол басымдықты жібермей, алтын медаль жеңіп алды.
Шайдоров еркін бағдарламада төрешілердің шешімімен 190.37 ұпай жинады. Жалпы есепте 285.10 ұпайға қол жеткізді.
Екінші орынды 265.02 ұпаймен Ча Джун Хван (Оңтүстік Корея) иеленді, ал үшінші орынға 245.01 ұпаймен америкалық Джимми Ма тұрақтады.
Диас Жиренбаев 19 орынға ие болды. Ол 166.34 ұпай жинады.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров бұл турнирде жеңіске жеткен екінші қазақстандық атанды. 2015 жылы Сеулде Денис Тен топ жарған болатын. Ал 2019 жылы Элизабет Тұрсынбаева күміс медаль жеңіп алған еді.