Семейде сурдо дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Семейде есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында сурдо дзюдодан республикалық чемпионат өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Жарысқа еліміздің барлық аймағынан 200-ге жуық адам келді. Олар 7 салмақта өзара бақ сынайды.

Ел біріншілігінің нәтижесі бойынша үздік спортшылар ұлттық құрама сапына іріктеледі. Олар қараша айында Токиода өтетін чемпионатқа жолдама алады. Ұйымдастырушылар есту қабілеті бұзылған жастардың сурдо дзюдоға қызығушылығы артқанын айтты. Қазір еліміз бойынша 300-ден астам адам осы спорт түрімен айналысады. Чемпионат үш күнге жалғасады.

Қайратбек Сейітбеков, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының басқарма басшысы:

- Сурдо дзюдо спорт түрі өте жақсы дамып келеді. Бұл жарыстың мақсаты 2025 жылдың қараша айында Жапонияның Токио қаласында болып өтетін 25-ші Сурдолимпиада ойындарына іріктеу болып есептеледі.