Қостанай облысында ауыл спорты дамып келеді
Өңірлерде ауыл спортының даму қарқыны артып келеді, деп хабарлайды 24KZ. Қостанай облысында жеті дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр, олардың басым бөлігі ауылды жерлерде бой көтеріп жатыр. Мәселен, Меңдіқара ауданының Харьков елді мекенінде бірден екі спорт нысаны салынды. Оның бірі қазірдің өзінде пайдалануға берілсе, екіншісі – жабық хоккей кортының құрылысы – аяқталуға жақын. Бұл бастама жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, жалпы өңір спортының дамуы үшін маңызды қадам саналады.
Меңдіқара ауданының орталығы Боровской ауылында өткен жылы жаңадан салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені халық игілігіне берілген еді. Соның нәтижесінде спортпен шұғылданушылардың саны айтарлықтай артты. Әсіресе бұл өңірде боксқа қызығушылық танытатын балалар көп. Шаршы алаңда жаттығып жүргендердің арасынан талдырмаш қыз бала көзімізге түсті. Есімі Томирис, 10-сынып оқушысы. Оның қимыл-қозғалысынан, қол сілтесінен боксқа біршама төселгені байқалады. Жас спортшының басты арманы – Олимп шыңын бағындыру.
Томирис Амангелді, боксшы:
- Назым Қызайбай сияқты әлем чемпионы болып, Олимпиада да жүлде алсам деймін. Сол мақсатыма жету үшін аянбай тер төгіп, бар күш-жігерімді саламын.
Тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешені былтыр Харьков ауылында пайда болды. Мұндағы іске қосылған жаңа нысанда да қосымша спорт секциялары ашылған.
Сабыр Советов, Соснов ауылдық округінің әкімі:
- Осы былтыр желтоқсаннан бастап бізде кикбоксинг бойынша секция ашылды. Екі группа келеді жас категориясы бойынша. 5 жастан бастап 10 жасқа дейін және 10 жастан жоғары. Әр группада 20-30 баладан бар.
Харьковте бір кешенмен шектелмей, жабық хоккей кортының құрылысы қолға алынды. Жергілікті жастардың заманауи жабдықталған мұз айдынында коньки теуіп, хоккей ойнар күні алыс емес.
Тасмұхаммет Тасбаев, Меңдіқара аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімі басшысының м. а.:
- Меңдіқара ауданында мұндай болған емес. Бұл бірінші жабық хоккей корты. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 250 миллион тенге бөлінді. Жалпы аумағы 2160 шаршы метр. Дәл осындай хоккей кортын аудан орталығы Боровскойда да салсақ деген жоспарымыз бар.
Спорт басқармасындағылардың айтуынша, биыл Торғай мен Қарабалықта да жабық хоккей корты салынады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг