Қазақ күресі Халықаралық әскери спорт кеңесінің жарыс күнтізбесіне енді

Иран астанасы Тегеран қаласында Халықаралық әскери спорт кеңесі Азия өкілдерінің жиыны өтті, деп хабарлайды 24KZ. Шара барысында тұңғыш рет қазақ күресінен Астанада әскерилер арасында өтетін әлем чемпионаты жан-жақты талқыланды.

Халықаралық әскери спорт кеңесінің жиыны жыл сайын өтеді. Мамандар өткен жылды қорытындылап, алдағы жоспарларын жасайды. Бұл ұйым сонау 1948 жылы Еуропалық елдердің бастамасымен құрылған екен. Мақсаты – әскердің әлеуетін ұрыс алаңдарында емес, спорттық нысандарда сынап көру және  бейбітшілікпен достық қарым-қатынасты нығайту. Қазір Халықаралық әскери спорт кеңесіне 140-тан астам ел мүше. Тіпті Дүниежүзілік Олимпиада комитетінен кейінгі әлемдегі ықпалды ұйымдардың бірі саналады.

Роберто Рекке, Халықаралық әскери спорт кеңесінің бас хатшысы:

- Біз бүгін кеңестің күн тәртібінде қазақ күресін де талқыладық. Ұлттық спорт түрлеріңіздің қыр-сырына Көшпенділер ойындарында тәнті болдық. Өте қызықты әрі өте тартысты болды. Енді әскерилер арасындағы әлем біріншілігі де өте жоғары деңгейде өтеді деп сенемін.

Халықаралық әскери спорт кеңесі жыл сайын спорттың 30-ға жуық түрінен әлем чемпионаттарын өткізеді. Биыл жарыстар күнтізбесіне тұңғыш рет қазақ күресі еніп отыр. Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы бір кездері өзі де бозкілемнің шаңын қаққан палуан Арман Әбеуов беренді қайта киіп, жергілікті спортшыларға шеберлік сабағын өткізді.

Арман Әбеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы:

- Осы күндерде Тегеран қаласында әскери спорттық ұйымының конференциясы өтіп жатыр. Бізге ол өте маңызды іс-шара. Себебі биыл тарихта бірінші рет әлем чемпионаты қазақ күресінен Астана қаласында тамыз айында өтеді. Ол өте маңызды іс-шара. Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқан. Ұлттық ойындарды көтеру және де дамыту. Тағы да басқа спорт түрлерін Сезім бағдарламасына енгізуге қарастырып жатырмыз.

Тегеран төрінде құрлықтың әскер басшылары қазақ күресінің қыр-сырына тәнті болды. Тұңғыш рет Астанада жалауы желбірейтін әлем біріншілігіне қазірдің өзінде 20-дан астам ел қатысуға ниет білдіріп отыр. Мамандар болашақта қазақ күресінен бөлек, кеңестің жарыс күнтізбесіне басқа да ұлттық спорт түрлерін кіргізуді жоспарлап отыр.

Авторы: Жандос Айтбайұлы.