Жаңа спорт түрінен Қазақстан кубогі өтті

Арм Бэк. Дәл осындай атаумен елімізде жаңа спорт түрі пайда болды, деп хабарлайды 24kz.

Ерекшелігі сол, аталмыш бағыт мүмкіндігі шектеулі балалардың қозғалысын реттеп, қарым-қабілетін жетілдіре түседі. Жоба авторы Садық Байымбетов оны қысқа аралықта ресми түрде тіркеп, жүйелі дамытуға кірісті. Қазірдің өзінде еліміздің 11 аймағында арнайы секциялары бар. Әртүрлі деңгейдегі жарыстар өткізіліп тұрады. Енді бұл жолы Астанада алғаш рет ауқымды шара Қазақстан кубогі ұйымдастырылды. Оған елімізің түкпір-түкпірінен қатысушылар жиналып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде Ақтау қаласының құрамасы бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орында жергілікті, яғни, Астананың командасы болса, Шымкенттен келген спортшылар үздік үштікті түйіндеді. Қазақстан кубогі енді жыл сайын тұрақты ұйымдастырылады. Бұған қоса, оның ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейге шығару да жоспарларып отыр.