Странджа кубогі: ағайынды қазақ боксшылары жартылай финалға шықты
Айбек, Нұрбек және Бекзат жартылай финалға шықты.
Болгарияның София қаласында бокстан кіші әлем чемпионаты атанып кеткен «Странджа Кубогы» жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні ерлер мен мен әйелдерді қоса алғанда 20 боксшымыз шаршы алаңға шықты. Оның 12-сі қарсыластарын жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Ерлер арасында Айбек Оралбай, Нұрбек Оралбай және Бекзат Нұрдәулетов төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты. Тағы бір қазақстандық Фарух Тоқтасынов ширек финалға жолдама алды. Ал, аса ауыр салмақтағы Нұрлан Сарапбай қытайлық спортшыдан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды. Әйелдер арасында ұлттық құрама сапындағы Елянұр Тұрғанова, Айдана Жабынбекова, Римма Волосенко, Жансая Рақымберді, Анель Сақыш, Лаура Есенгелді, Жазира Орақбаева және Сымбат Алиасқар жеңіске жетіп, жарысты жалғасыруға мүмкіндік алды. Айта кетейік, София қаласындағы халықаралық жарыс 2 наурызға дейін жалғасады.
Халықаралық турнирде топ жарды
Қоржынымызда 21 медаль. Оның 4-еуі алтын. Болгариядағы ересектер бәсекесіне паралель Румынияда бокстан жасөспірімдердің халықаралық турнирі ұйымадстырылды. Оған Еуропаның түкпір-түкпірінен 400-ден аса қатысушы жиналды. Араларында қазақстандық өрендер де бар. жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама өкілдері 21 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Оның ішінде 15 спортшымыз финалда жұдырықтасып, 4-еуі алтын жүлде жеңіп алды. Атап атйқанда Арман Мірсәбит, Дулат Азиз, Төреғали Сейдуллаев және Әділ Меделхан өз салмақ дәрежедерінде қарсылас шақ келтірмеді. Бұған қоса, қоржынымызда 11 күміс және 7 қола жүлде бар. Осының арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте сенімді түрде бірінші орынға жайғасты.
Ағайынды Сабырхандар кәсіпқой боксқа шығады
Ағайынды Сабырхандар кәсіпқой боксқа шығады. Бір айдан кейін, нақтырақ айтқанда, 5 сәуір күні Астанада Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жек кеші өтеді. Қазақстандық боксшы франциялық Анаэль Нгамиссингемен кездесіп, чемпиондық атақтарын қорғауы қажет. Міне, осы кеш аясында ағайынды Сабырхандар, яғни, Махсұд Сабырхан мен Төрехан Сабырхан шаршы алаңға шығып, кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесулерін өткізеді. Әзірге қарсыластары туралы ақпарат жоқ. Олардың қай салмақта жұдырықтасатыны туралы да белгісіз. Айта кетейік, қос мықты әуесқой бокста ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүр. Екеуі де дәл қазір Болгариядағы «Странджа Кубогына» қатысып жатыр. Халықаралық турнирден кейін Астанадағы кәсіпқой рингтегі жекпе-жекке дайындыққа кіріседі. Ағайынды Сабырхандардан бөлек, Астанадағы бокс кешінде Бахадүр Жалолов, Сұлтан Зауырбек және Батыр Жүкембаев сияқты көпшілікке танымал жігіттер де кезекті кездесулерін өткізудің жоспарлап отыр.
ХОК World Boxing ұйымын мойындады
Халықаралық Олимпиада комитеті жақында ғана құрылған World Boxing федерациясын уақытша мойындады. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті әрі сол World Boxing ұйымындағы комиссияның төрағасы Геннадий Головкин мәлімдеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұдан былай World Boxing әлемдік деңгейде боксты қадағалай алады. Бұған қоса, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы ойындарында бокс турнирін ұйымдастыру құқығына ие болады. «Бұл шешім боксты Олимпиада бағдарламасында сақтау мақсатымызды бір қадам алға жақындатады. World Boxing-ті қолдайтын барлық адамдардың үздіксіз еңбегінің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізгенімізге қуаныштымын» - деді Геннадий Головкин. Айта кетейік, World Boxing ұйымы 2023 жылы сәуір айында құрылған болатын. Оған қазір 78 елдің ұлттық федерациялары қосылды. Сондай-ақ төрт құрлық конфедерациясы да құрылды.