Балуандарымыз рейтингтік турнирде жүлдеге ілікті
Ал боксшыларымыз әлем чемпионатына дайындалып жатыр.
Қоржынымызда 8 медаль. Оның біреуі алтын. Албания астанасы Тирана қаласында күрес түрлерінен әлемдік рейтингтік турнир өтті. Оған 47 балуанымыз аттанған болатын. Оның ішінде 8-і ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Араларында әйелдер күресінің өкілі Жәмила Бақбергенова барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды. Жәмиля 76 келіде сынға түскен болатын және фниалда украиналық Алла Белинсканы жеңді. Ал, 72 келідегі қазақстандық Эльмира Сыздықова қола жүлдеге қол созды. Еркін күрес шеберлері арасынан Болат Сақаев күміс, ал, Рустам Мырзағалиев пен Мұхаммед Балғабай қола жеңіп алды. Грек-рим күресі шеберлерінің еншісінде де 3 қола бар. Оны Бағдат Сабаз, Ерасыл Мамырбеков және Ерсін Абыр иемденді.
Әлем чемпионатына кімдер қатысады?
Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атана алады. Бірер күннен кейін Сербияның Ниш қаласында әйелдер боксынан жылдың басты бәсекесі әлем чемпионаты басталады. Оған 60-тан аса елдің өкілдері қатысады. Араларында қазақстандық қыздар да бар. Отандық бокс федерациясы ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімін жариялады. Ұлттық құрама өкілдері барлық 12 салмақта бақ сынайды. Әсіресе, көпшілік Назым Қызайбайдың жекпе-жектерін тағатсыздана күтіп отыр. Ол бұған дейін екі мәрте әлем чемпионы атанған еді. Енді тағы да осы жетістігін қайталауға мүмкіндік туды. Сонымен қатар, ұлттық құрамадағы Алуа Балқыбекова, Анита Әдішева, Жайна Шекербекова, Карина Ибрагимова, Виктория Графеева және Аида Әбікеевалардан да үміт зор. Орта және ауыр салмақтарда Жасмин Қизатова, Наталья Богданова, Надежда Рябец, Гүлсая Ержан және Елдана Тәліповалар жүлдеге таласады. Дүниежүзілік доданың өзі 8-ші наурызда басталып, 16-шы наурызға дейін жалғасады.
Данияр Елеусінов кешірім сұрады
Данияр Елесусінов көпшіліктен кешірім сұрады. Қазақстандық кәсіпқой боксшы 28-ші ақпан күні Астанадаға бокс кешінде жұдырықтасауы керек еді. All stars boxing проуметрлік компаниясы оны бірнеше ай бұрын ресми жариялап, жарнама тақташалары мен билеттер сатылымында олимпиада чемпионының есімін пайдаланды. Бірақ жекпе-жек кешіне екі-үш күн қалғанда Данияр денсаулығына байланысты туринирге қатыспайтыны белгілі болды. Бірақ, жекпе-жек кешінің өзі өтті және онда аса танымал емес басқа былғары қолғап шеберлері өнер көрсетті. Осы тұрғыда Данияр көпшіліктен кешірім сұрады және проуметрлік компания кездесуді ұйымдастыруға барын салғанын алға тартты. Айта кетейік, ол соңғы рет былтыр қыркүйек айында жұдырықтасты. Алматы қаласында филиппиндік Джо Нойнайды нокаутпен жеңген болатын. Жерлесіміз жалпы алғанда бүгінге дейін кәсіпқой рингте 12 кездесу өтізіп, 12-сінде де жеңіске жетті. Оның 7-еуін уақытынан бұрын аяқтады.
Милан олимпиадасына дайындығымыз қалай?
Қысқы спорт түрлеріндегі нәтиже көңіл көншітпейді. Мұның себебін толық талдауымыз қажет. Бұл жөнінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Ведмоство басшысы елорда төрінде алдағы олимпиадаға дайындыққа қатысты арнайы кеңес өткізді. Ол жерде жуырда ғана Харбинде өткен қысқы Азия ойындары қорытындыланып, Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына жоспар нақтыланды. Айта кетейік, Италиядағы дүниежүзілік додаға бір жылдан аз уақыт қалды. Осы орайда министр қысқы спорт түрлері жауапты федерацияларға, өңірлік спорт басқармаларына және бағынысты мекемелерге дайындықты ерекше бақылауға алуды тапсырды. Әр спортшы үшін жеке қадағалау жүргізіліп, құрал-жабдық, медициналық қолдау, психологтың көмегі, нутрициолог пен дәрігер кеңесімен қамтамасыз ету тапсырылды.Сондай-ақ ұлттық құрама өкілдерін бәсекеге қабілетті ету үшін инновациялық әдістер мен ғылымға негізделген тәсілдерді енгізу қажеттігі айтылды.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Халықаралық додаларда жоғары нәтиже көрсету – ел абыройы. Бізде дарынды спортшылар бар, тек оларға дұрыс жағдай жасау керек. Әр жаттығу, әр жарыс – болашақ жеңістің іргетасы. Сондықтан бар күшімізді салып, Олимпиадаға дайындалуымыз қажет.