Астанада көпшілік күткен кәсіпқой бокс кеші өтеді

Бұрын-соңды болмаған бокс бәсекесі.

Ертең Астанада көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген кәсіпқой жекпе-жек кеші өтеді. Ең басты кездесу қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен франциялық Анаэль Нгамиссинге арасында болмақ. Олар WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы чемпиондық атақтарды сарапқа салады.Осыған байланысты кешелі бері бұнда ашық жаттығу, баспасөз мәслихаты және салмақ өлшеу рәсімдері ұйымдастырылды. Анық-қанығын осы шаралардың басы-қасында жүрген әріптесім Аслан Қаженов айтып берсін. Сонымен, Аслан, бұл бокс кеші немісен ерекше? Оны неге тарихи деп жатыр?

Кәсіпқой бокс кешіне дайындық

Жәнібек жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтайды. Тіпті жетінші раундқа жеткізбеуі де мүмкін. Астанада өтетін кәсіпқой бокс кешіне қатысты мамандар осындай пікір білдірді. Айта кетейік, ертең, яғни 5 сәуірде бұнда қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен франциялық Анаэль Нгамиссинге кездеседі. Жекпе-жек кешінде WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы чемпиондық атақтар сарапқа салынады. Яғни Жәнібек өз титулдарын қорғауы қажет. Еске сала кетейік, жерлесіміз кәсіпқой рингте бұған дейін 16 жекпе-жек өткізіп, 16-сында да жеңіске жетті. Оның 11-ін уақытынан бұрын аяқтады. Ал қарсыласы Анаэлдің көрсеткіші 14 жекпе-жек, 14 жеңіс. Оның 9-ын нокаутпен ұтты. Отандық мамандар қазірден Жәнібекке үлкен үміт артып, уақытынан бұрын жеңіске жетеріне сенім білдіріп отыр. 

Сағатбек Мұсаханов, бокстан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Әрине барлығы қос боксшының дайындығына байланысты. Десе де, Жәнібектің деңгейі әлдеқайда жоғары. Сондықтан жекпе-жек уақытынан бұрын аяқталуы мүмкін. Тіпті 6, 7-раундқа жеткізбей қарсыласын нокаутқа жібереді деп ойлаймын. Бірақ 12 раундқа да дайын болуы керек. Ең бастысы қазақстандық жанкүйерлер кәсіпқой бокс кешін көріп, керемет әсер алып қайтады деп үміттенемін.

Жәнібек нокаутпен жеңеріне сенімді

Жәнібектің өзі де нокаутпен жеңеріне сенімді. Бокс кеші алдындағы баспасөз мәслихатында жерлесіміз осы пікірді алға артты. Яғни, керемет шоу көрсетіп, кездесуді уақытынан бұрын аяқтаймын дейді. Ең басты мақсат өз салмақ дәрежесінде төрт бірдей белдікті біріктіріп, апбсолютті әлем чемпионы атану. Одан кейін керек болса салмақ ауыстырып, тіпті, мексикалық Сауль Альвареске де шақыру тастауға дайынмын дейді. 

Жәнібек Әлімханұлы, WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы

Ал қарсыласы Анаэль Нгамиссинге алдағы жекпе-жекте барын салып, чемпиондық атақтарды тартып алуға тырысары анық. Сол үшін арнайы Астанаға табан тіреп отыр. Оның жасы келгенін және осал боксшы екенін айтып жүрген сарапшыларға ренішін де білдірді. Ол бүгінге дейін қатарынан 14 мәрте жеңіске жеткен. Енді осы жеңіліссіз серияны жалғастыруға үмітті. 

Анаэль Нгамиссинге, кәсіпқой боксшы:

- Қазақстанға келерде белгілі бір кедергілер болды. Бірақ, барлығы реттелді. Біз әдейі осында бір апта бұрын жеттік және тыңғылықта дайындалып үлгердік. Бұрын қазақ боксшыларымен жұдырықтастып көрмедім. Десе де, әуесқой бокста да , кәсіпқой бокста да тәжірибем бар. Ал, мені осал санайтын сарапшылар спорттық мансабымды дұрыс зерттемеген. Мен өте жақсы боксшымын Мен өте мықты боксшымын.

Ағайынды Сабырхандар ашық жаттығу өткізді 

Бізге нашар қарсылас керек емес. Ағайынды Сабырхандар Астанадағы кәсіпқой бокс кеші алында осындай пікір білдірді. Олар да ашық форматтағы жаттығу өткізіп, осындағы жанкүйерлерімен кездесті. Айта кетейік, Махмұд Сабырхан вьетнамдық Дак Хайнкпен жолығады. Қарсыласы туралы көп ақпарат жоқ. Ал, Махмұд үшін ресми алғашқы жекпе-жек. Осының алдында бір рет жартылай кәсіпқой бокс кешіне қатысып, жеңіске жеткен болатын. Ал, оның інісі Төрехан Сабырхан чехиялық Джири Хаукемен өзара мықтыны анықтайды. Джиридің көрсеткіші 10 жекпе-жек, 4 жеңіс. Ал, Төрехан тағы да алғаш рет кәсіпқой рингке шыққалы тұр. Аталмыш кезедесулер 6 раундқа есептелген. Қос боксшы да тыңғылықты дайындалдық және шоу көрсетуге дайынбыз дейді.

Махмұд Сабырхан, ұлттық құрама мүшесі 

Төрехан Сабырхан, ұлттық құрама мүшесі 

Б. Жалолов: Дычкомен кездесу қызық емес

Жалолов пен Дычко кездесуі жақын болашақта болмайды. Өзбекстандық боксшы бұл ұсыныстың қызық еместігін алға артты.  Аса ауыр салмақта өнер көрсететін Баходир Жалолов та Астанада ашық форматтағы жаттығу өткізді. Ол да алдағы кәсіпқой бокс кешіне қатысады.  Баходир   украиналық Игорь Шевадзуцкиймен жұдырықтасады. Өзбекстандық былғары қолғап шебері бүгінге дейін кәсіпқой рингте 14 кездесу өткізіп, 14-інде де жеңіске жетті. Қарсыласының көрсеткіші 14 жекпе-жек, 12 жеңіс. Ал, көпшілік тағатсыдана күтіп жүрген қазақстандық Иван Дычко мен  өзбекстандық Баходир Жалолов кездесуі әзірге ұйымдастырылмайды. Айта кетейік, қос мықты әуесқой бокста 4 рет кездесіп, 4-еуінде де жерлесіміз жеңіске жеткен болатын.

ЦИТАТА: Баходир Жалолов, кәсіпқой боксшы 

«Иван Дычкомен кездесу өткізу маған қызық емес. Оның өз жолы бар. Менің өз жолым бар. Біз барлық жоспарымызды менеджерлермен бірге жан-жақты талқылап барып құрамыз...» 

Тағы бір айта кетерлігі, ағайынды Сабырхандардан және Бахадүр Жалоловтан бөлек Астанадағы бокс кешінде Сұлтан Зауырбек, Батыр Жүкембаев және Балауса Мұздыман сияқты танымал қазақстандық кәсіпқой бокс шеберлері қатысады.