Ұлттық құрама таеквондошылары Ташкентте оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр
Таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасы мамыр айында Қытайда өтетін «President Asian cup» халықаралық жарысына дайындықты пысықтауда, деп хабарлайды 24kz.
Есбол Сұлтанов шәкірттері осы күндері Ташкентте оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Өзбекстан астанасында әлемнің 8 құрамасы бас қосып, өзара тәжірибе алмасуға ниетті. Жиында олимпиаданың 2 чемпионы мен әлем біріншілігінде топ жарған спортшылар бар.
Әлемде таеквондодан 2024 жылдың үздік бапкері атанған Есбол Сұлтанов ұлттық құраманың тізгінін ұстағалы көп болған жоқ. Париж Олимпиадасында атой салған жерлесіміз, Тунис еліне бір алтын, бір қола сыйлап, Африка құрлығының атын шығарғаны әлі есте. Сол Тунис құрамасы да Ташкенттегі оқу-жаттығу жиындарына келді. Біздің елден 19 спортшы бар. Бапкер құраманы екі ай жасақтап, мықтыларын іріктеп алыпты.
Есбол Сұлтанов, таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
- Бірінші сананы өзгерту керек. Ұлттық құрама спортшылары үнемі режимді ұстап, кәсіби түрде қарау керек. Өзінің жұмысы сияқты. Соны өзгертсе, дене жағынан күш жағынан бізде кемшілік жоқ.
8 елдің ұлттық құрамалары Ташкент төрінде өзара тәжірибе алмасып, жекелей кездесулер өткізіп жатыр. «Ұлттық құрама таеквондошылары команданың көңіл-күйі көтеріңкі, ал аталған жиынның жеңіс жолында берері мол», - дейді.
Бегасыл Ергеш, таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
- Қытай елінде болатын жарысқа дайындалып жатырмыз. Ол жарыс Азия чемпионатына жолдама береді. Сол жарыста еліміздің туын көтеруге тырысамыз.
Ұлттық құрама Ташкентте 20 сәуірге дейін жаттығу жиындарына қатысып, ары қарай Қытайға жол жүреді. Күнгейдегі көрші елде Азия кубогінің байрақты бәсекесі өтеді. Ол жарыста жүлдеге іліккен спортшылар Азия чемпионатына жолдама алады.