Әзербайжанда өткен халықаралық турнирде 6 боксшымыз финалға шықты

Жәнібек жыл соңына дейін қалған титулдарды алуға тырысады. Яғни WBC чемпионы Карлос Адамес және WBA чемпионы Эрисланди Лара кездесуді көздеп отыр.

Бұл жөнінде BBC Sport журналисі Бобби Джексон мәлімдеді. Айта кетейік, Жәшібек Әлімханұлы бірер күн бұрын Астанада франциялық Анаэль Нгамиссингені жеңіп, WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақтарын қорғап қалды.

Алты боксшымыз финалға шықты

Алты боксшымыз финалға шықты. Әзербайжан астанасы Баку қаласында былғары қолғап шеберлерінің халықаралық турнирі жалғасып жатыр. «Жібек жолы» деп аталатын жарысқа жас боксшыларымыз аттанған болатын. Оның алтауы барлық қарсыласын жеңіп, алтынға таласуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, 75 келіде Санжарәлі Бегалиев, 71 келіде Нұрбек Мұрсал және 54 келіде Бағлан Кенжебек чемпион атануға үмітті. Санжарәлі енді Әзербайжан, ал Нұрбек пен Бағлан Ресей боксшыларымен жолығады. Әйелдер арасында 52 келіде қазақстандық Анжа Садуақасова, 54 келіде Элина Базарова, 57 келіде Виктория Байдукова да финалда. Бұл жақта да Анжа Әзербайжан, ал Элина мен Виктория Ресей өкілдерімен жұдырықтасады. Финалдық жекпе-жектер бүгін өтеді. Нақтырақ айтқанда Қазақстан уақытымен 15:00-де басталады.

Халықаралық жарыста жүлдеге ілікті

Ольга Хайлова халықаралық жарыста жүлдеге ілікті. Дәл қазір Кувейт астанасы Эль-Кувейт қаласында стенд атудан «Әмір Гран-Приі» өтіп жатыр. Оған 15 елден 200-ден аса қатысушы жиналды. Әйелдер арасындағы сында қазақстандық Ольга Хайлова жақсы нәтиже тіркеп, жеңіс тұғырына көтерілді. Ол стенд атудың «скит» бағытына 48 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтады. Алтын жүлде финляндиялық Элизабет Хейноненге, ал қола италиялық Кьяра Ди Марциантониоға бұйырды. Қоржынымыздағы медальдар саны тағы да арта түсуі мүмкін. Өйткені Эль-Кувейт қаласындағы халықаралық турнир 20-сәуірге дейін жалғасады. Айта кетейік, стенд ату бойынша ұлттық құраманың тағы бір бөлігі дәл қазір Перу еліндегі Әлем Кубогына қатысып жатыр. Ол жақтағы жарыстың жалпы қорытындысы 22 сәуірде белгілі болады.

Алан Құрманғалиев жеңіске жетті

Алан халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Францияның Мец қаласында үстел теннисінен жастар арасындағы жарыс өтті. Қатысушылар арасында қазақстандық Алан Құрманғалиев те бар. Ол 19 жасқа дейінгілер санатында барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Қазақстандық спортшы аталмыш бәсеке барысында Англия, Пуэрто-Рико, Корея, Франция, Румыния және Тайбэй өкілдерін жеңді. Әсіресе  жергілікті Флавио Мурьемен кездесуі өте тартысты болды және 3:2 есебімен аяқталды. Айта кетейік, Алан былтыр Астанада өткен Азия чемпионатында ел намысын қорғап, командалық сында жетінші сатыға тұрақтаған болатын.  Бұл салыстырмалы түрде құрлықтық додалардағы ең жоғары көрсеткішіміз саналады.