Милад Карими Әлем кубогінің жеңімпазы атанды

Құламбаева Испаниядағы жарыста жеңіске жетті. Кәрі Құрлықтың Мадрид қаласында ITF 100 санатындағы турнир өтті.

Қазақстан Жібек Құламбаева жұптық сында италиялық Николь Фосса-Уэргомен бірге барлық қарсыластарын ұтты. Финалда испаниялық теннисшілерден басым түсті. 

Қоржынымызда төрт медаль. Оның екеуі алтын. Қатар астанасы Доха қаласында спорттық гимнастикадан Әлем Кубогы мәресіне жетті. Бұл жолғы жарыс біздің спортшылар үшін, салыстырмалы түрде,  сәтті болды. Әсіресе Милад Карими екі бірдей алтын жеңіп алды. Ол алдымен еркін жаттығу бойынша қатысты. Финалдық сында 14.466 ұпай жинап, жалпы есепте топ басына шықты. Осылайша ұлттық құрама қоржынына алғашқы алтынды салды. Одан кейін кермедегі жаттығулар бағдарламасында да финалға шығып, ақтық сында 14 500 ұпай иемденді. Осының арқасында жарыс қорытындысы бойынша тағы да бірінші орынға жайғасты. Бұдан бөлек, қазақстандық Алтынхан Темірбек еркін жаттығуда күміс, ал Нариман Құрбанов ат снарядындағы жаттығуда қола жеңіп алды.

Қазақ қыздары Әлемдік премьер-лигада топ жарды

Мөлдір - алтын, Әсел - күміс жеңіп алды. Мысыр астанасы Каир қаласында каратэден, каратэнің WKF бағыты бойынша премьер-лига бәсекесі өтті. Бұл әлем үздіктері қатысатын рейтингілік жарыс. Оған 13 бірдей спортшымыз аттанған болатын. Араларынан әйелдер арасында ең жеңіл салмақтағы Мөлдір Жаңбырбай барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, алтын жүлдегер атанды. Айта кету керек, Мөлдір дәл осы жарыста тұрақты жеңіс тұғырына көтеріледі. Мәселен Париждегі премьер-лигада қола, Ханджоуда премьер-лигада күміс жеңіп алған болатын. Енді Каирда оның қатарын алтынмен толықтырып отыр.

Бұған қоса, тағы бір қазақстандық Әсел Қанай өз салмақ дәрежесінде, яғни 61 келіге дейінгілер арасында  күміс жүлде иеленді. Әсел де Мөлдір сияқты тұрақты жоғары нәтиже көрсетеді. Ол Парижде күміс, Ханджоуда қола жепіп алған болатын. Сонымен, қос қазақ қызының арқасында жалпы есепте үшінші орынға жайғастық. Топ басында жергілікті,  яғни Мысыр спортшылары болса, екінші орынға Жапония қыз-жігіттері тұрақтады. Алда енді әлемдік премьер-лиганың соңғы яғни, төртінші кезеңі бар. Оны мамырдың аяғына қарай Марокко астанасы Рабат қаласы қабылдайды.

Жастар мен жасөспірімдердің азия чемпионаты

Лайықты ізбасарлар өсіп келеді. Иорадания астанасы Амман қаласында бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты басталды. Бұл жаңадан құрылған World Boxing ұйымының дәл осы жас деңгейіне арналған алғашқы құрлықтық жарысы. Байрақты бәсекеге 18 елден 400-ден аса қатысушы жиналды. Оның ішінде қазақстандық қыз-жігіттер де бар. Ұлдар арасында 28, қыздар арасында 28 спортшымыз өнер көрсетеді. Жарыстың алғашқы күні Жақсылық Молдаханов баптайтын жасөспірім ұлдар шаршы алаңға шықты. Төрт боксшымыз да қарсыластарын жеңіп, келесі кезеңге өтті. Ал екніші күні Бағдат Оңғарбеков жетекшілік ететін жастар жеңіс жолын жалғады. Бұнда да төрт жекпе-жек болып,  төртеуінде де жерлестеріміз басым түсті. Атап атйқанда, Жұмағали Нұрмахан, Рүстем Сапархан, Досжан Жұмахан, Дамир Жаншылықов, Халиф Расул, Қуаныш Халимбет, Жігер Жұман және Мейіржан Шәді сияқты өрендердің қарым-қабілеті көпшілікті тәнті етті. Амман қаласындағы жарыстың жалпы қорытындысы 30 сәуірде белгілі болады.

ҚПЛ: «Қайсар» мен «Қайрат» тең түсті

«Қайсар» мен «Қайрат» тең түсті. Өткен демалыс күндері футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті тур кездесулері өтті және Қызылордада сенсациялық нәтиже тіркелді. Жергілікті «Қайсар» алматылық «Қайратты» қабылдаған болатын. Айта кету керек, «Қайсар» сапында бірде-бір легионер жоқ. Яғни, толықтай қазақ балалары ойнайды. Ал, «Қайратта», керісінше, келімсек көп. Оның үстіне олар былтырғы ел біріншілігінің жеңімпаздары. Сондықтан, көпшілік «Қайрат» ірі есеппен жеңеді деп күткен еді. Десе де «Қайсардағы» жігіттер қайсарлық танытып, тегеурінді қарсылық көрсетті. Матч 0:0 есебімен аяқталды.  Басқа да кездесулердің нәтижесіне тоқтала кетейін. «Тұран» - «Астана» матчы 1:1, «Атырау» - «Қызылжар» матчы 1:2, «Ордабасы» -«Жетісу» матчы 1:0, «Тобыл» - «Ақтөбе» матчы 2:0, ал «Жеңіс»-«Елімай» және «Ұлытау» - «Оқжетпес» матчтары 0:1 есебімен аяқталды. Қазақстан премьер-лигасының кезекті яғни, алтыншы туры 26 және 27 сәуірде өтеді.